
Корея Республикасының Деректер және статистика министрлігінің (MODS) Статистикалық қызмет бюросының бас директоры Янг Чжэ Ву алғаш рет ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросында болды.
Кездесудің негізгі тақырыптары – ресми статистиканы цифрлық трансформациялау, жасанды интеллектіні қолдану, әкімшілік және баламалы деректерді пайдалану, сондай-ақ 2027 жылдан кейін Қазақстанның статистика жүйесін дамыту мәселелері болды.
Бұл сапар 14 қыркүйекте Тэджон қаласында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болды. Сол кезде Қазақстан мен Корея Республикасы деректер және статистика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.
«Біз үшін Меморандум – ең алдымен практикалық құрал. Қазір біздің міндетіміз - қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты бірлескен жобаларға, білім мен сараптамалық тәжірибе алмасуға айналдыру», – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі Корея Республикасының статистика жүйесін трансформациялау және заманауи технологияларды енгізу тәжірибесі болды. Тараптар жасанды интеллектіні, үлкен және баламалы деректерді, әкімшілік дереккөздер мен микродеректерді қолдану, ақпараттық жүйелерді дамыту, сондай-ақ статистикалық және геокеңістіктік ақпаратты интеграциялау мәселелерін талқылады.
Қазақстан үшін бұл шешімдерді статистиканың сапасы мен жеделдігін арттыру, респонденттерге түсетін жүктемені азайту, сондай-ақ деректерді мемлекет, бизнес және азаматтардың пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысынан практикалық қолдану ерекше қызығушылық тудырады.
Қазақстан тарапы Корея делегациясына ұлттық статистика жүйесінде жүргізіліп жатқан өзгерістер мен оны дамытудың перспективалық бағыттарын таныстырды.
«Біз қазірдің өзінде жақын перспективаны ескеруіміз қажет. Жасанды интеллект пен жаңа дереккөздер статистика органдары жұмысының моделін жылдам өзгертуде. Сондықтан дамудың келесі кезеңін айқындау кезінде Корея Республикасы сияқты елдердің практикалық тәжірибесі біз үшін аса маңызды», - деп атап өтті Мақсат Тұрлыбаев.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Меморандумның негізгі ережелерін нақты жұмыс бастамаларына айналдыруға уағдаласты. Ынтымақтастық сараптамалық консультациялар, техникалық кездесулер, тәжірибе алмасу және статистиканы цифрлық трансформациялаудың жекелеген бағыттарын бірлесіп пысықтауды қамтиды.
Осылайша, Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың келесі кезеңі деректермен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін практикалық енгізуге және ресми статистиканың технологиялық негізін дамытуға бағытталатын болады.
Анықтама:2026 жылғы 14 қыркүйекте Тэджон қаласында Қазақстан Ұлттық статистика бюросы мен Корея Республикасының Деректер және статистика министрлігі деректер және статистика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум тәжірибе алмасуды және сараптамалық өзара іс-қимылды дамытуды көздейді.








