Астаналық 7-сынып оқушысы күй шығарып, байқауларда топ жарып жүр

    Астаналық 7-сынып оқушысы күй шығарып, байқауларда топ жарып жүр

    Астанада Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Берікқан Еларыс алты жасынан бастап күй шығарып, ұлттық өнерге өзіндік үлесін қосып келеді. Жас күйші бүгінде сегіз күйдің авторы атанып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Еларыстың домбыраға деген қызығушылығын байқаған ата-анасы жеті жасында оны Тәттімбет атындағы №1 өнер мектебінің домбыра сыныбына береді. Осылайша оның өнер жолы басталып, домбырамен бірге кәсіби шеберлігі де қалыптаса түсті. 2025-2026 оқу жылында жас өнерпаз домбыра сыныбын үздік аяқтап, тиісті куәлікке ие болды.

    Еларыс – егіз баланың бірі. Ол кішкентайынан күй өнеріне ерекше ықылас танытып, домбыраның мүмкіндігін тек орындаушылықпен шектемей, өз шығармаларын жазуға да талпынды.

    Жас күйшінің байқаулардағы алғашқы жетістіктері 2023 жылдан басталады. Сол жылы IV республикалық «Абыз домбыра» күйшілер сайысында және «Жан жолдасым – домбыра» қалалық күйшілер сайысында ІІ орын иеленді.

    2024 жылы Еларыс V республикалық «Абыз домбыра» күйшілер сайысында ІІІ орын алып, «Жас талап» қалалық домбырашылар сайысында және «Жан жолдасым – домбыра» II қалалық күйшілер сайысында ІІ орыннан көрінді.
    2025 жылы «Жас екпін» қалалық орындаушылар байқауында ІІ орын иеленіп, «Абыз домбыра» VI аймақтық домбырашылар байқауында І орынға ие болды.

    Ал 2026 жыл жас өнерпаз үшін ерекше жетістіктерге толы болды. «Жан жолдасым – домбыра» III қалалық байқауында Бас жүлдені жеңіп алса, I республикалық «SAZ LIVE» балалар мен жасөспірімдер фестивалінде де Бас жүлдеге ие болды. Сонымен қатар «XIX Шаттық–2026» қалалық байқауының дипломанты атанды.

    Бірнеше жыл қатарынан республикалық, аймақтық және қалалық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүрген Берікқан Еларыстың жетістіктері – тынымсыз еңбегі мен өнерге деген сүйіспеншілігінің нәтижесі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары