
Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларын мониторингтеу барысында Алматы – Шелек – Қорғас автожолының 140-шақырымында жол қозғалысы кезінде бұзақылық сипаттағы әрекетке барған жүргізушіні анықтады.
Бейнежазбада Mercedes-Benz автокөлігінің жүргізушісінің камераға жақындаған сәтте оған әдейі әдепсіз қимыл көрсеткені тіркелген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер көліктің орналасқан жерін анықтап, жүргізушіні тоқтатты. Оның жеке басы анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар тексеру кезінде жүргізушінің бейнебақылау камерасына жақындаған сәтте мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін қасақана жасырғаны анықталды.
Аталған фактілер бойынша жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптары бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды.
Жиналған материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен процессуалдық шешім қабылдау және құқық бұзушыны жауаптылыққа тарту үшін сотқа жолданды.









