
«Ашық есік күні» – азаматтардың еңбек құқықтарын білуіне, өз құқықтарын қорғау тетіктерін түсінуіне және жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында заң талаптарына негізделген еңбек қатынастарын қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң.
Осыған орай, бүгін Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысымен бекітілген «Жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері басшыларының 2026 жылғы ІV тоқсанға арналған азаматтарды қабылдау кестесіне» сәйкес Департамент басшысының орынбасары Төлендиев Мұрат Сағынұлының төрағалығымен кезекті «Ашық есік күні» іс-шарасы өткізілді.
Азаматтардың еңбек құқықтық сауаттылығын арттыру және еңбек заңнамасы талаптарын түсіндіруге негізделген қабылдау барысында Департамент басшысының орынбасары Мұрат Сағынұлы Түркістан облысына қарасты аудан, қалалардан келген азаматтарды жеке қабылдап, еңбек заңнамасына сәйкес түсіндірме жұмыстары жүргізді.
Сонымен қатар, азаматтар еңбек шартын жасасу және бұзу, жалақы төлеу, еңбек демалысын беру, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, жұмыс уақыты мен тынығу уақыты, сондай-ақ еңбек дауларын шешу тәртібі бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
Департамент мамандары әрбір азаматтың өтінішіне жеке тоқталып, еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес түсіндірмелер мен қажетті құқықтық кеңестер берді. Заңнамада көзделген тәртіппен шешуді талап ететін мәселелер бақылауға алынып, тиісті түсіндірулер ұсынылды.
Ашық диалог – өзекті мәселелерді анықтауға, ал нақты түсіндіру – еңбек құқықтарының тиімді қорғалуына мүмкіндік береді.








