
Ақтөбе облысында жол құрылысы маусымы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар автожолдарда бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары ондаған шақырым жолды қамтиды. Оның ішінде жолдарды төрт жолаққа дейін кеңейту, көпірлерді жөндеу және трассалардың техникалық санатын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Бірқатар нысанда жұмыстардың орындалу деңгейі 80 пайыздан асты.
Негізгі жобалардың бірі – «Ақтөбе - Қарабұтақ - Ұлғайсын» автожолын қайта жаңғырту. 791-819 шақырым аралығындағы 28 шақырым жолды төрт жолаққа дейін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар тағы алты учаскеде жер жұмыстары мен инженерлік коммуникацияларды көшіріліп жатыр. Жұмыстар жолдың техникалық санатын кезең-кезеңімен арттыруды көздейді.
«Қандыағаш - Ембі - Шалқар - Ырғыз» автожолында да жөндеу жұмыстары жалғасуда. 50–70 және 70–89,9 шақырым аралығындағы учаскелерде жалпы ұзындығы 40 шақырымға жуық жол, сонымен бірге жасанды құрылыстар жөнделуде. Атап айтқанда, 92-шақырымдағы Жем өзені арқылы өтетін көпір қайта жаңғыртылып жатыр. Оның ұзындығы - 132,4 метр.
«Қарабұтақ – Қостанай» автожолындағы жұмыстар да қарқынды. Жөндеу жұмыстары 80 шақырым жолды қамтиды. Бүгінде жұмыстардың 85 пайызы орындалды. Ақтөбе және Қостанай облыстарының шекарасындағы 96–106 шақырым аралығында асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды.
Сондай-ақ Ақтөбе қаласының Солтүстік айналма жолының 0–21 шақырым аралығындағы 21 шақырым учаскесін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Ақтөбе – Әлімбет» автожолының 46 - 70 шақырым аралығындағы 24 шақырым учаскесін жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар шекаралық өткізу пункті салынып жатыр.
Аталған жобаларды іске асыру республикалық жолдардың техникалық жағдайын жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, жолдардың өткізу қабілетін ұлғайтуға және өңірдегі негізгі көлік бағыттары бойынша қозғалыс сапасын арттыруға бағытталған.









