Колледжден әскери сапқа: бір топта оқыған жеті түлек Ұлттық ұланды таңдады

    Колледжден әскери сапқа: бір топта оқыған жеті түлек Ұлттық ұланды таңдады

    Биыл елордалық колледждің жеті түлегі ҚР ІІМ Ұлттық ұланында мерзімді әскери қызмет өткеруге шешім қабылдады. Олардың барлығы фельдшер мамандығын меңгерген. Қазір жас сарбаздар Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің оқу пунктінде әскери қызметтің негіздерін меңгеріп, Отан алдында ант беруге дайындалып жатыр.

    Бұл бастаманы қатардағы Кәдіржан Байтенов көтерді. Ол алғашқылардың бірі болып әскери басқару органына барып, медициналық комиссиядан өтті. Кейін бірге оқыған достарына әскерге баруға ұсыныс жасады.

    Оның бастамасын сол кезде Шымкентте жүрген қатардағы Думан Қорғанбаев та қолдады. Достарының әскерге жиналып жатқанын естіген ол Астанаға билет алып, сол күні әскери басқару органына келді. Осылайша бір топта бірге оқыған жеті жігіттің жолы қайта тоғысты. Бұл жолы олар әскери киім киіп, бір саптан табылды.

    Қазір жас сарбаздар жас жауынгер курсынан өтіп жатыр. Олар әскери күн тәртібіне бейімделіп, саптық даярлық пен әскери істің негіздерін меңгеруде. Айтуларынша, бірге келген достарының жанында болуы жаңа ортаға бейімделуді жеңілдетеді.

    — Біз бір-бірімізді бұрыннан жақсы білеміз. Сондықтан мұнда өзімізді сенімдірек сезінеміз. Қандай жағдай болмасын, бір-бірімізден көмек сұрай аламыз. Бірге қызмет етудің өз қызығы бар. Күнделікті сәттерді де, әскери өмірдің алғашқы қиындықтарын да бірге өткеріп жатырмыз. Қандай жағдайда да бір-бірімізге қолдау көрсете аламыз, — дейді қатардағы Алмас Болысбек.

    Жас сарбаздардың Ұлттық ұланды таңдауына әскердегі заманауи технологиялар да әсер еткен. Олардың назарын құқықтық тәртіп әскерлеріндегі цифрландыру, интеллектуалды бейнебақылау жүйелері және тамақтандыру саласындағы жаңа шешімдер аударған.

    Жеті досты алда бірнеше айлық әскери қызмет күтіп тұр. Жауынгерлік дайындықтан кейін олар Алматы қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша міндеттер атқаратын болады.

    Олардың кейбірі болашақта Ұлттық ұланның әскери медицина саласында қызметін жалғастыруды жоспарлап отыр. Бірнеше сарбаз Әскери-медициналық басқармада қызмет етіп, колледжде алған фельдшерлік білімін әскери салада пайдалануға ниетті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары