
Ақтөбе облысында полиция отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды күшейтіп жатыр. Ақтөбе облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жанжалдарға жол бермеу және қиын жағдайға тап болған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері полицияға отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға қатысты 4 700-ден астам өтініш келіп түскен. Оның ішінде 187 жағдайда әйелдер полициядан бірнеше рет көмек сұраған. Әрбір өтініш бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдануда. Отбасылық жанжалға және құқыққа қайшы әрекеттерге бейім азаматтарға профилактикалық жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері 3 900-ден астам азаматқа қатысты қорғау нұсқамалары шығарылған. Учаскелік полиция инспекторлары олармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіп, белгіленген талаптардың сақталуын бақылауда ұстайды. Қажет болған жағдайда заңда көзделген қосымша шектеулер қолданылады.









