
Алматы қаласының сейсмикалық қауіпсіздігін арттыру және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Метрополитен» КМК базасында жұмыс кездесуі өтті. Жиынға қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің, «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС мен «Метрополитен» КМК өкілдері қатысты.
Кездесуде қаланың сейсмикалық жағдайы, метро нысандарының қауіпсіздігі, қауіп-қатерлердің алдын алу және төтенше оқиғаларға жедел ден қою мәселелері талқыланды. Сондай-ақ тараптар ақпарат алмасуды жеделдетуді, іс-қимыл алгоритмдерін жетілдіруді және бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруды қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша аталған үш ұйым арасында ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойылды. Тараптар бұл құжат өзара іс-қимылды жүйелеп, төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыратынын, сондай-ақ ықтимал салдарды барынша азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Аталған бастама қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстардың маңызды бөлігі саналады.









