
Биылғы егін жинау науқаны әдеттегіден екі апта ерте басталды. Жұмыс қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға жоғары. 1,55 млн га алқаптың 1,15 млн гектары немесе 74%-ы жиналды. Бұл ретте егін алқабының көлемі 7%-ға, яғни 102,5 мың гектарға ұлғайды.
Дәнді дақылдар алқаптарын жинау жұмыстары аяқталды: 773,4 мың га немесе 98% жиналды. Орташа өнімділік 9,1 ц/га құрап, 707 мың тонна астық бастырылды. Қалған қарақұмық алқаптарын Успен, Шарбақты және Тереңкөл аудандарында жинап алу қажет.
Картоптың 97%-ы, көкөністің 99%-ы жиналды, бақша және жемшөп дақылдарын жинау жұмыстары аяқталды. Майлы дақылдардың 292,2 мың га алқабы немесе 43%-ы жиналды. Өнімділігі 10 ц/га құрады.
Сонымен қатар 2027 жылғы егіс науқанына дайындық жұмыстары жүргізілуде: 189,9 мың га егіс алқабы өңделіп, 212,3 мың га күзгі жер жырту жұмыстары жүргізілді.
Егін жинау жұмыстарына 2 286 трактор, 2 367 комбайн, 2 668 автокөлік және 1 275 трактор тіркемесі жұмылдырылды. Жыл басынан бері шаруашылықтар 37 млрд теңгеге 1 222 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде 21,9 млрд теңгеге 575 техника лизинг арқылы алынды.
Егін жинау науқанына 31,7 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл қажеттілікті толық қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, астықты кептіруге 2 080 тонна дизель отыны қарастырылған, қажетті көлемге өтінімдер толық берілді.
Өсімдік шаруашылығын қолдауға 9,4 млрд теңге субсидия бағытталды. «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 30,1 млрд теңгеге 339 несие берілді. «Азық-түлік корпорациясы» 6,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сатып алу үшін 455,7 млн теңгеге алты форвардтық келісімшарт жасасты.
Жемшөп дайындау жұмыстары да бақылауда. Бүгінгі таңда 1,32 млн тонна шөп дайындалып, оның 921,4 мың тоннасы сақтау орындарына жеткізілді. Өткен жылдан қалған қор: 112,7 мың тонна пішендеме, 242,1 мың тонна сүрлем және 326,5 мың тонна сабанды құрайды.
Ауа райының күрт суытуына байланысты өңір басшысы Асайын Байханов егін жинау жұмыстарын аяқтауды және 2027 жылғы өнімге қажетті тұқым қорын қалыптастыруды күнделікті бақылауға алуды тапсырды.
10 қарашаға дейін күзгі дала жұмыстарына бөлінген арзандатылған дизель отынын толық алып, мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша алынған несиелердің қайтарылуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Мерзімі - ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін.
Сонымен қатар, азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру шаралары қаралды. Павлодар облысында 21 тауар түрі бойынша баға республикалық орташа деңгейден төмен. Тағы 13 азық-түлік түрі бойынша өңір баға деңгейі ең төмен бес облыстың қатарына кіреді.
Негізгі құралдардың бірі - тұрақтандыру қоры. Қазіргі уақытта онда 13 түрлі 7,7 мың тонна өнім бар және жалпы құны 2 млрд теңгені құрайды. Жыл басынан бері 227 серіктес дүкен арқылы 883,8 млн теңгеге 3 088,1 тонна өнім сатылды.
Айналым схемасы аясында «Ирвема» ЖК-не 13 түрлі тауарды сауда үстемесі төмендетілген бағамен өткізу үшін 190 млн теңге бағытталды. Тағы бір тетік - «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы. «Техноснаб ПВ» ЖШС-мен 180 млн теңгеге қарыз беру туралы келісімшарт әзірленуде. Жеңілдетілген бағамен өнім «Ваш» сауда желісінде атаулы әлеуметтік көмек алушыларға сатылады.
«Jailau» базарында күн сайын өнімдер төмендетілген бағамен сатылуда. Қалалар мен аудандарда апта сайынғы жәрмеңкелер жалғасуда. Жыл басынан бері 408 жәрмеңке өткізілді.
Делдалдық схемаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссия 31 отырыс өткізді. 81 бұзушылық анықталып, 1,5 млн теңгеге 105 әкімшілік хаттама толтырылды.
Талқылау қорытындысы бойынша облыс әкімі баға мониторингін және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15%-дық сауда үстемесінің сақталуын бақылауды күшейтуді, сондай-ақ тұрақтандыру қорының өнімдерін белсенді пайдалануды тапсырды.
Ауыл шаруашылығы басқармасына, қалалар мен аудандардың әкімдеріне және «Павлодар» ӘКК» АҚ-на ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін делдалдарсыз тікелей өткізу арқылы апта сайынғы жәрмеңкелерді өткізуді жалғастыру тапсырылды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев









