
Сары Батақұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – мәңгілік нұрдың жаршысы» атты салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Қайрат Ақшолақ, білім саласының ардагерлері, мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, колледж, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты.
Аудан әкімі Қайрат Ақшолақ жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, ұстаз еңбегінің қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.
– Ұстаз – әр адамның өмір жолында ерекше орны бар тұлға. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз арқылы жас ұрпақ білім алып, тәрбие мен бағыт-бағдар табады. Бүгінгі шәкірт – ертең ел дамуына үлес қосатын азамат. Сондықтан педагогтің кәсібилігі мен жауапкершілігі, балаға берген білімі мен тәрбиесі әрдайым жоғары маңызға ие. Баршаңызды Ұстаздар күнімен құттықтаймын! Еңбектеріңіз жемісті болып, шәкірттеріңіздің жетістігін көре беріңіздер. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жауапты қызметтеріңізге табыс тілеймін, – деді аудан әкімі.
Салтанатты шара барысында білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде нәтижелі қызмет атқарып жүрген бірқатар педагогтер марапатталды. Атап айтқанда, ұстаздарға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградалары мен Алғыс хаттары, Ақтөбе облысының білім басқармасының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, аудан әкімінің Алғыс хаттары, «Әділет» партиясының Алғыс хаттары, аудандық білім бөлімі мен білім саласы кәсіподақ ұйымдарының марапаттары табысталды.
Мерекелік кеште ұстаздарға құрмет көрсетіліп, аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.
Ұстаздар күні – білім мен тәрбие жолында еңбек етіп жүрген барша педагогке көрсетілетін құрметтің айғағы. Ауданымыздың білім саласында қызмет ететін ұстаздарға шығармашылық ізденіс, кәсіби жетістік және шәкірттерінің биік белестерден көрінуін тілейміз.









