ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ АВИАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ ДАМЫП КЕЛЕДІ

    ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ АВИАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ ДАМЫП КЕЛЕДІ

    Ұлытау облысында шалғай елді мекендер мен медициналық көмекке қолжетімділігі шектеулі аумақтардың тұрғындарына жедел және сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында медициналық авиация қызметі тұрақты жұмыс атқаруда.

    Медициналық авиация қызметі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының құрамында жұмыс істейді. Қазіргі таңда қызмет құрамында бір медициналық авиация бригадасы бар. Оның құрамына дәрігер-үйлестіруші, білікті фельдшерлер мен жүргізушілер кіреді.

    2026 жылдың 9 айындағы көрсеткіштер

    2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында медициналық авиация қызметі:

    ✈️ 34 шақырту орындады;
    👶 оның ішінде 9 балаға, 25 ересекке медициналық көмек көрсетілді;
    📞 101 телемедициналық консультация жүргізілді.

    Сонымен қатар, медициналық эвакуациялау автокөлікпен де жүзеге асырылуда. 2026 жылдың 9 айында осы бағытта 150 шақырту орындалып, 141 пациентке медициналық көмек көрсетілді.

    Көрсетілген көмектің ішінде:

    🔹 8 операция;
    🔹 47 жергілікті мамандардың консультациясы;
    🔹 2 жүкті әйелді тасымалдау;
    🔹 39 балаға көмек көрсету;
    🔹 14 жарақат жағдайы;
    🔹 40 басқа да аурулар бойынша медициналық көмек көрсету.

    Әуе медициналық эвакуациясы

    2025 жылғы маусым айынан бастап Ұлытау облысының аумағында медициналық эвакуациялау Ми-8 үлгісіндегі тікұшақтармен жүзеге асырылуда. Әуе кемесі Жезқазған қаласының әуежайында базаланады.

    Тікұшақ қажетті тасымалды медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оның ішінде:

    • өкпені жасанды желдету аппараты;
    • дефибриллятор;
    • пациент жағдайын бақылауға арналған монитор;
    • оттегімен қамтамасыз ету жүйелері;
    • инфузиялық сорғылар;
    • жаңа туған нәрестелерді тасымалдауға арналған кювездер бар.

    Пациентті алып жүретін медициналық бригада құрамына міндетті түрде медициналық авиация қызметінің фельдшері енгізіледі. Қажет болған жағдайда анестезиолог-реаниматолог, хирург, терапевт және басқа да бейінді мамандар тартылады.

    Эвакуациялау қалай жүргізіледі?

    Пациентті медициналық авиация арқылы эвакуациялау қажеттілігі бейінді мамандардың телемедициналық консультациясы негізінде анықталады.

    Консультация нәтижесі бойынша медициналық авиация қызметінің дәрігер-үйлестірушісі пациентті әуе немесе жерүсті көлігімен тасымалдау тәсілін анықтайды.

    Бұл ретте пациенттің жалпы жағдайы, медициналық қарсы көрсетілімдердің болуы және ауа райы жағдайлары ескеріледі.

    Медициналық авиация қызметіне облыстық көпбейінді аурухананың 30 бейінді дәрігері шарт негізінде тартылған. Бұл шалғай елді мекендердегі пациенттерге қажетті бейінді медициналық көмекті уақытылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

    Қызметті одан әрі дамыту

    Шақыртулар санының артуына байланысты Ұлытау облысында медициналық авиация қызметін одан әрі кеңейту жоспарлануда. Атап айтқанда, екінші медициналық авиация бригадасын ашу көзделіп отыр.

    Сонымен қатар, облыстың барлық елді мекендерінде тікұшақтардың қону алаңдарын ұйымдастыру үшін жер учаскелері айқындалып, тиісті тізілімге енгізілді.

    Жедел медициналық көмектің материалдық-техникалық базасы да кезең-кезеңімен жаңартылуда. 2025 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркі «С» сыныбындағы 2 санитариялық автокөлікпен толықтырылды.

    Медициналық авиация қызметінің негізгі мақсаты – шалғай және жетуі қиын елді мекендердегі тұрғындарға медициналық көмекті уақытылы жеткізу, пациенттерді қауіпсіз әрі жедел эвакуациялау және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру.

    Ұлытау облысында медициналық авиация қызметін дамыту – өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды бағыттардың бірі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы" жаңалықтары