
Елордада 10-11 қазан күндері Aqtobe Creative Days өтеді. Ақтөбе облысы қолөнер, дизайн, театр, музыка, әдебиет және технология бағыттарындағы жобаларын Астана тұрғындары мен қонақтарына ұсынады. Іс-шара Creative Aimaq республикалық жобасы аясында өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бағдарламада Aqtobe Design авторлық топтамаларының көрсетілімі, «Алақай» қуыршақ театрының қойылымы, Ақтөбе туралы анимациялық фильм, композитор Серік Закарияның шығармашылық кеші, сондай-ақ SherTer және «Жеребе life» жобаларының концерттік бағдарламалары бар.
Екі күн бойы қолөнер бұйымдары, IT жобалар мен кітап өнімдері ұсынылатын көрме аймақтары жұмыс істейді. Келушілер зергерлік өнер, киіз басу, тері өңдеу және дәстүрлі қолөнер бағыттарындағы шеберлік сабақтарына қатыса алады.
Aqtobe Creative Days Ақтөбе облысының заманауи креативті жобаларын бір алаңда таныстырып, өңір шеберлері мен авторларының еңбегін елордалық аудиторияға ұсынады.
Өтетін орны: Qazaq Creative Hub, Астана қаласы, Жошы хан көшесі, 16/2.









