
Қазақстан Республикасында азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қызметтердің сапасын қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осы міндеттерді іске асыруда әлеуметтік саладағы мемлекеттік бақылау ерекше орын алады.
Мемлекеттік бақылау әлеуметтік қорғау саласында қызмет көрсететін ұйымдар мен субъектілердің заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасында әлеуметтік саладағы мемлекеттік бақылау, ең алдымен, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен, Кәсіпкерлік кодексімен және әлеуметтік қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.
Мемлекеттік бақылаудың негізгі мақсаты – азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар бақылау барысында әлеуметтік қызметтердің белгіленген талаптарға сәйкестігі, олардың сапасы және көрсетілу тәртібі бағаланады.
Мемлекеттік бақылау тек анықталған бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмейді. Оның маңызды бағыты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды болдырмау. Осыған байланысты профилактикалық бақылау әлеуметтік саладағы мемлекеттік бақылаудың маңызды құралдарының бірі болып табылады.
Профилактикалық бақылау барысында бақылау субъектілерінің қызметі зерделеніп, олардың заңнамада белгіленген талаптарды сақтау деңгейі бағаланады.
Заңнамада белгіленген негіздер болған жағдайда мемлекеттік бақылау жоспардан тыс тексеру нысанында да жүзеге асырылады. Жоспардан тыс тексеру барысында мемлекеттік орган қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратады, субъектінің қызметін зерделейді және белгіленген талаптардың сақталуына баға береді.
Мемлекеттік бақылау нәтижесінде заңнама талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылданады. Атап айтқанда, заңда көзделген жағдайларда бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілуі және өзге де ден қою шаралары қолданылалы. Сонымен қатар, заңнамада белгіленген жағдайларда кінәлі тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
Бұл ретте, мемлекеттік бақылау субъектілерінің де заңмен қорғалатын құқықтары бар. Олар бақылаудың жүргізілу негіздері туралы ақпарат алуға, бақылау нәтижелерімен танысуға, сондай-ақ мемлекеттік органның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне заңнамада белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
Осылайша, әлеуметтік саладағы мемлекеттік бақылаудың негізгі мәні – тек заң бұзушылықтарды анықтау емес, ең алдымен олардың алдын алу, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру.
Тиімді мемлекеттік бақылау әлеуметтік қорғау жүйесінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға, қызмет алушылардың құқықтарын қамтамасыз етуге және әлеуметтік саладағы заңнама талаптарының тиісінше орындалуына ықпал етеді.
Әлеуметтік саладағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырудың құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Әлеуметтік кодексі, Кәсіпкерлік кодексі, сондай-ақ әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілер құрайды.









