
2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысында 719 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 107%-ды құрады. Аталған көрсеткіш бойынша облыс республика көлемінде 4-орында тұр. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында айтылды.
Биыл республика бойынша 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 1,25 млн шаршы метр Түркістан облысының үлесіне тиесілі. Қазіргі таңда облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен Түркістан қаласында жалпы құны 16,5 млрд теңгені құрайтын 8 кредиттік тұрғын үй бой көтеруде. Тұрғын үйлердің жалпы ауданы 48,2 мың шаршы метрді құрайды және оларда 810 пәтер қарастырылған.
Облыс әкімі жауапты басшыларға, аудан және қала әкімдеріне құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, нысандардағы жұмыстардың белгіленген талаптар мен құрылыс нормаларына сәйкес орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Сатып алынатын тұрғын үйлердің құрылысын бақылауға алып, олардың сапасы мен құрылыс қарқынын арттыруға баса мән беріңіздер. Әрбір нысан бойынша жұмыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді жедел жою қажет. Сондай-ақ арендалық тұрғын үйлерді сатып алу, дайын үйлерді пайдалануға беру, тұрғын үйлерді сатып алу конкурстарын уақтылы өткізу және тұрғын үй аумақтарын абаттандыру жұмыстарын толық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударыңыздар, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Аппарат отырысында өңірдегі тұрғын үй құрылысының барысы туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрханов баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда 8 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, ішкі әрлеу жұмыстары атқарылуда. Құрылыс жұмыстарына жалпы 500-ге жуық адам жұмылдырылған. Өндірістік кестеге сәйкес нысандарды желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.
Жетісай ауданы әкімдігінің тапсырысымен ұзақ уақыт бойы құрылысы аяқталмаған 120 пәтерлі 2 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Түркістан облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 546 арендалық пәтер сатып алу жоспарланған. Бүгінгі таңда 315 пәтер сатып алынды. Қалған 231 пәтерді қараша айына дейін сатып алу жоспарлануда.
Сонымен қатар облыста жалпы құны 29,5 млрд теңгеге 1 533 пәтерлі 37 кредиттік тұрғын үй сатып алу көзделген. Оның ішінде Түркістан қаласында – 1 517 пәтер, Келес ауданында – 16 пәтер. Бүгінгі таңда 1 098 пәтер сатып алынды. Қалған 435 пәтерді қараша айына дейін сатып алу жоспарланған.
Облыс бойынша жеке салушылар тарапынан жалпы 3 105 пәтерлі 168 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 105 үйді пайдалануға беру жоспарланса, қалған 63 тұрғын үй келесі жылы пайдалануға беріледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









