
Ауданда қазір жалпы ұзындығы шамамен 240 шақырым сумен жабдықтайтын және су бұру желісін салу мен реконструкциялау жұмысы қатар қолға алынды. Бұл жобалар 54 мыңнан астам тұрғынды қамтымақшы. Брифингте аудан әкімі Еркебұлан Оразалин осы туралы айтып берді.
Ірі жобалар «Горный Гигант», «Малая Станица», «Атырау» мен «Каменское плато» шағын ауданында іске асады.
«Ауданда қазір ұзындығы шамамен 240 шақырым болатын сумен жабдықтау мен су бұру желісін салу мен реконструкциялау жұмысы жүргізіліп жатыр. Мұнда шамамен 170 шақырым инженерлік желі салынады. Олар 18 мыңға жуық тұрғынды қамтығалы отыр», — деді брифингте Еркебұлан Оразалин.
Сонымен қатар Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы «Думан», «Бутаковка», «Кимасар», «Шымбұлақ» пен «Ақсартау» шағын ауданында жобаларды қолға алды. Оның ұзындығы шамамен 64 шақырым, қамту аумағы – 36 мыңнан астам тұрғын.
Негізгі міндет – тарихи тұрғыдан қажетті инженерлік инфрақұрылымы болмаған аумақтарды орталықтанған коммуникациямен кезең-кезеңімен қамтамасыз етіп, қолданыстағы желілердің сенімділігін арттыра түсу.









