ШҚО-дағы цифрлық технологиялар: медицина, АӨК, білім беру, экология және ТЖ саласы

    ШҚО-дағы цифрлық технологиялар: медицина, АӨК, білім беру, экология және ТЖ саласы

    Шығыс Қазақстанда 21 мыңнан астам медициналық кескін жасанды интеллект көмегімен өңделді. Сүт фермаларында робот-сауыншылар жұмыс істейді, ал су тасқыны қаупі бар аймақтардағы су деңгейі автоматтандырылған гидрологиялық бекеттер арқылы бақыланады. Цифрлық технологиялар қандай міндеттерді шешіп жатқаны және алдағы уақытта қандай жобалар іске қосылатыны ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен өткен Үкімет отырысында талқыланды.

    Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлерге денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін басқа да салаларда жасанды интеллектіні қолдануды жандандыруды тапсырды.

    ШҚО-да жасанды интеллект өкпе мен сүт безі қатерлі ісігінің белгілерін анықтау мақсатында медициналық кескіндерді талдау кезінде қолданылады. Қазірдің өзінде 21 306 кескін өңделді. Мұндай құралдар дәрігерлерге қосымша назар аударуды қажет ететін өзгерістерді дер кезінде байқауға мүмкіндік береді.

    Телемедицина мамандардың кеңесін қашықтан алуға мүмкіндік береді. Өткен жылдан бері Ана мен бала орталығында 115 телемедициналық қызмет көрсетілді.
    Сонымен қатар DigitalPathology платформасында 193 халықаралық консультация өткізілді.

    Қазіргі уақытта денсаулық сақтау басқармасы төрт цифрлық жобаны іске асыруға дайындап жатыр. Жедел жәрдем қызметкерлері үшін бейнетіркегіштер қарастырылған. Ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне бейнекамералар орнатылып, олардан түсетін ақпарат нақты уақыт режимінде 102 арнасына беріледі.

    «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, жыл соңына дейін облыста вакциналарды сақтауға арналған тоңазытқыштарды температураны қашықтан бақылау және пайдалану көрсеткіштерін қадағалау датчиктерімен жабдықтауды көздейтін келісімшарт жасалады.

    Ауыл шаруашылығы саласында Шығыс Қазақстан облысындағы жеті тауарлы-сүт фермасына «ақылды шаруашылық» элементтері енгізілген. Кәсіпорындарда қолданылатын жабдықтар да әртүрлі: автоматтандырылған сауу қондырғылары, жем беру жүйелері және малды бақылауға арналған бағдарламалар кәдеге жаратылып жатыр.

    Мәселен, «Камышинское» шаруашылығында DairyPlan бағдарламасы төрт түліктің денсаулығын, азықтандырылуын, сауылуын және көбею көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік береді. Әр сиыр бойынша жеке мәліметтер базасы жүргізіледі.

    Мұнда жем араластырғыш-таратқыш және малға жемді жақындатып беретін арнайы робот та жұмыс істейді.

    «Бобровка+» ЖШС мен «Украинка» шаруашылығында робот-сауыншылар қолданылады. Цифрлық жүйелер фермерлерге жұмысты тиімді ұйымдастыруға, табынның өнімділігін бақылауға және ауытқуларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

    Аймақтық талдау орталығында бұрын жекелеген тізілімдер мен есептерде сақталған ақпараттар бір жүйеге біріктірілуде. Осы мақсатта 108 тізілім мен 238 есептік нысан цифрландырылды.

    Жүйеге қазірдің өзінде 25 экологиялық бекет біріктірілген. Су тасқыны мониторингі 26 автоматтандырылған гидрологиялық бекет пен 49 тәуекел аймағын қамтиды. Мамандар 109 және 112 нөмірлеріне келіп түскен өтініштерді де талдайды, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланады және тәуекелдерді анықтау үшін жасанды интеллект элементтерін енгізуде.

    Цифрлық құралдарды педагогтер де меңгеріп жатыр. Білім беру ұйымдары арасында ChatGPT Edu-дың 2 233 лицензиясы бөлініп, қазірдің өзінде 1 100-ден астам педагог оны жұмыс барысында қолдана бастады. Мұғалімдер жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану бойынша оқытылуда. Бұдан бөлек, тағы 150 маман Tomorrow School платформасында білім алып жатыр.

    «Цифрлық мүмкіндіктерді өңірдің қоғамдық өмірі мен әлеуметтік саласына белсендірек енгізу қажет. Алдағы жұмысты деректердің дұрыстығына, ведомстволар арасындағы ақпарат алмасуға және жаңа шешімдердің тұрғындарымызға беретін нақты пайдасына бағыттау маңызды», - деді Нұрымбет Сақтағанов әкімдіктің жауапты басқармалар басшыларына.

    (Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары