«Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жүрек»

    «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жүрек»

    2026 жылдың 2 қазан күні Амангелді ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жүрек» тақырыбында дебаттық турнир ұйымдастырылды. Танымдық әрі мазмұнды шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, қызметтік әдеп қағидаттарын кеңінен насихаттау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне қатысты ой-пікір алмасу және шешендік өнер мен пікірталас мәдениетін дамыту.

    Пікірталасқа әрқайсысы үш спикерден құралған екі команда қатысып, өзара тартысты бәсекеге түсті. Дебат барысында қатысушылар өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен негіздеп, қарсы тараптың пікіріне сындарлы жауап беріп, мәселенің түрлі қырларын талқылады.
    Дебаттың негізгі тақырыбы: «Сіздің ойыңызша, қызметтік әдеп нормаларын бұзу ықтимал сыбайлас жемқорлық мінез-құлқының алғашқы белгісі болып саналады ма, әлде оны тек тәртіптік теріс қылық ретінде қарастырған жөн бе?»
    Бұл тақырып мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдебі, жауапкершілігі және қоғам алдындағы міндеті тұрғысынан өзекті мәселелерді қамтыды. Қатысушылар қызметтік әдеп нормаларын сақтаудың маңыздылығына, мемлекеттік қызметтің беделі мен азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сеніміне әсер ететін факторларға тоқталып, өз көзқарастарын жан-жақты жеткізді.
    Пікірталас барысында екі команда да белсенділік танытып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Спикерлердің сөз саптауы, дәлел келтіру шеберлігі, қарсы тараптың уәжіне жауап беруі мен командалық жұмысы көрермендердің де қызығушылығын арттырды.
    Нәтижесінде жақтаушы тарап жеңіске жетті.
    Турнир соңында үздік қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды. «Үздік спикер» номинациясы бойынша Амангелді аудандық мәслихатының депутаты Жанат Хайроллаұлы марапатталса, «Үздік пікірталас мәдениеті үшін» номинациясы Амангелді ауданы әкімі аппаратының қызметшісі Ботагөз Досқалиқызына табысталды.
    Дебаттық турнир қатысушылар үшін тек жарыс алаңы ғана емес, сонымен қатар кәсіби көзқарасты қалыптастырып, маңызды мәселелерді талқылауға, өз ойын ашық әрі дәлелді жеткізуге мүмкіндік берген тағылымды кездесу болды.
    «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жүрек» ұғымдарын арқау еткен пікірталас мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білімі мен азаматтық жауапкершілігін ұштастыра отырып, ойлы әрі мазмұнды өтті. Қатысушылардың белсенділігі мен пікірталасқа деген қызығушылығы мұндай іс-шаралардың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.

    Жалпы, тартысты да тартымды өткен дебаттық турнир қатысушыларға жақсы көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қызметтік әдеп пен адалдық құндылықтарын тереңірек түсінуге, өзара тәжірибе алмасуға және шешендік қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік берді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Амангелді ауданының мәслихат аппараты" жаңалықтары