
Астанада Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке өтті. Екі өңірден елордаға барлығы 400 тоннадан астам түрлі өнім жеткізілді.
Жәрмеңке Қарқаралы көшесі, 1 мекенжайындағы ипподром аумағында өтіп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысының фермерлері елорда тұрғындарына ет және сүт өнімдерін, балық, бал мен ара шаруашылығы өнімдерін, өсімдік майын, жарма, шұжық өнімдерін, қымыз, ұлттық тағамдар және басқа да тауарларды ұсынды.
Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, өңірден жәрмеңкеге 50-ден астам түрлі өнім жеткізілген.
Ал Ақтөбе облысынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен өңдеуші кәсіпорын, сондай-ақ өңірдің 12 ауданынан фермерлер қатысты.
Жәрмеңкеде тұрғындар қажетті азық-түлігін тиімді бағамен сатып алып жатыр.
«Жәрмеңкеден азық-түлікті тиімді бағамен алып жатырмыз. Қажетті өнімдердің барлығы бар. Осындай жәрмеңкенің Астанада ұйымдастырылып жатқанына дән ризамыз», – деді елорда тұрғыны Жәмилә Насырова.
Жәрмеңке барысында Шығыс Қазақстан облысының өнерпаздары да көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынып, шараның көркін қыздырды.









