Саумалкөлде заманауи сауда орталығы ашылды

    Саумалкөлде заманауи сауда орталығы ашылды

    5 қазан күні Саумалкөл ауылында ауданның инфрақұрылымы үшін маңызды оқиға — жаңа сауда нысанының ресми ашылуы өтті. Теміржол вокзалы шағынауданында «Караван» отбасылық супермаркеті өз есігін айқара ашып, аудан тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа тартымды орынға айналмақ.

    Жаңа сауда нысанын салу үшін кәсіпкер Салимжан Аскерович Жуманов «Нұрлы Тау» компаниясын тартты. Саумалкөл тұрғындарының көз алдында теміржол вокзалы шағынауданында жаңа ғимарат бой көтеріп, аумағы абаттандырылып, автокөліктерге арналған кең автотұрақ жасалды.

    Жаңа сауда павильонының жалпы аумағы 1720 шаршы метрді құрайды. Бастапқыда мұнда «Светофор» көтерме-бөлшек сауда дүкенін орналастыру жоспарланған болатын. Алайда кейін жоспар өзгерді. Нысанның ұзақ уақыт бос тұруына жол берілмеді, өйткені Саумалкөлдің бұл шағынауында даму мүмкіндігі жоғары. Сондықтан дүкенге келушілер ағыны мол болады деп күтілуде.

    Қыркүйек айының соңында ғимаратқа жаңа жалға алушылар — Нұрсұлтан Қасымов басқаратын «Караван» дүкені орналасты. Ал бүгін, 5 қазанда, ғимараттың бірінші қабатындағы аумағы 860 шаршы метрді құрайтын заманауи отбасылық супермаркеттің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

    Дүкеннің ашылу салтанатында Айыртау ауданының әкімі Мейрам Мендыбаев құттықтау сөз сөйледі. Аудан басшысы кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың маңыздылығына тоқталып, «Смешные цены», «Караван» секілді заманауи сауда нысандарының ашылуы салауатты бәсекелестікті қалыптастырып, сатып алушылар үшін қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті. Мейрам Жақсылықұлы Салимжан Жумановқа салған инвестициясы мен атқарған еңбегі үшін алғыс білдіріп, сондай-ақ қарт адамдар мен мүгедектігі бар азаматтарды қолдау айлығы аясында аға буын өкілдерін жылы лебізімен құттықтады.

    Кәсіпкер С.А. Жумановқа, Қасымовтар отбасына және жерлестеріне Айыртау ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Шәріпұлы Туралинов ізгі тілегін білдірді.

    Кәсіпкер Салимжан Жуманов өз сөзінде жаңа сауда-ойын-сауық кешені бүкіл шағынауданның дамуына қуатты серпін беретінін атап өтті. Себебі мұнда сауда аймағымен қатар, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған орындар да қарастырылған.

    Атап айтқанда, ғимараттың екінші қабатында Мадина Баймендина басқаратын «Вalaland» балалар орталығы жұмыс істеп тұр. Аудан әкімі нысанды аралау барысында орталықтың жұмысымен және алдағы жоспарларымен танысты.

    Одан кейін дәстүр бойынша ақсақал Аскер Жуманов бата беріп, «Шашу» рәсімі өткізілді. Артынша лента қиылып, дүкеннің ресми түрде жұмысын бастауына символдық түрде жол ашылды.

    Алғашқы келушілер жаңа супермаркеттің ауқымын жоғары бағалады. «Караван» дүкенінің сөрелерінде азық-түлік, кондитерлік өнімдер, жаңа піскен көкөністер мен жемістер, сусындар, тұрмыстық химия тауарлары, сондай-ақ ойыншықтар мен үйге қажетті бұйымдардың кең ассортименті ұсынылған. Бұл — күнделікті дастархан мен үй шаруашылығына қажетті барлық затты бір жерден сатып алуға мүмкіндік беретін әмбебап отбасылық дүкен.

    Сауда орталығының жалға алушылары дүкеннің ашылу күнін шын мәнінде мерекелік шараға айналдыруға тырысты. Қасымовтар отбасы қонақтарға далада үлкен қазанда дайындалған хош иісті палау ұсынды. Ал 25 000 теңгеден астам сомаға сауда жасаған сатып алушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

    Жаңа нысанның тағы бір маңызды артықшылығы — заманауи санитарлық-гигиеналық тораптардың болуы. Бұл аудан орталығы үшін өзектілігін жоғалтпаған мәселелердің бірі.

    Осылайша, кәсіпкерлердің қолдауы мен белсенді қатысуының арқасында жаңа нысандар ашылып, аудан орталығының одан әрі дамуына жол ашылуда. Сонымен қатар тұрғындар үшін маңызды мәселелер де өз шешімін тауып келеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Айыртау ауданының әкімдігі" жаңалықтары