
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің Қарағанды облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті жоспардан тыс тексеру барысында Шет ауданында орналасқан жер учаскелерін беру кезінде жер заңнамасы талаптарының бұзылғанын анықтады.
Атап айтқанда, жалпы алаңы 750 гектар болатын жер учаскелері заңнамада көзделген конкурстық рәсімдер өткізілмей берілген.
Анықталған бұзушылықтарды жою және заңдылықты қалпына келтіру мақсатында департамент Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына аудандық жер қатынастары бөлімі мен жер пайдаланушы арасында жасалған шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап арыз берді.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот талап қою талаптарын толық көлемде қанағаттандырды. Жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жер заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, жер учаскелерін беру кезінде жол берілген бұзушылықтарды анықтау және жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі шараларды қабылдау жұмыстарын жалғастыруда.









