
Бүгін Сырым ауданында жалғыз үйі апатты деп танылған 72 отбасы баспаналы болды. Жымпиты ауылында салынған үш қабатты екі үйді пайдалануға беру рәсіміне аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қатысты.
Биыл жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға коммуналдық қордан тұрғын үй беру және бөлу тәртібі жаңартылып, бұл құзырет жергілікті атқарушы органға қайтарылды. Бұған дейін бұл санаттағы азаматтарды баспанамен қамту ісі «Отбасы банк» арқылы жүргізілді.
Облыс әкімі апатты үй тұрғындарын қолдау тетіктерінің кеңейтілуі бұл бағыттағы жұмысты жүйелендіріп, тың серпін бергенін атап өтті. Жыл соңына дейін осы санат бойынша кезекте тұрған азаматтардың 50 пайызын баспанамен қамту жоспарланып отыр.
- Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашы болған Халықтық Конституцияда адамның өмір сапасын жақсарту – мемлекет дамуының ең басты стратегиялық бағыты болып айқындалды. Осы ретте өңір тұрғындарын баспанамен қамту – маңызды міндеттердің бірі. Біз ауылдық жерлерде тұрғын үй құрылысын арттыруға ерекше назар аударып отырмыз. Жыл басында жалғыз баспанасы апатты деп танылған 600-дей азамат тұрғын үй кезегінде тұрған еді. Олардың бірқатарына облыс орталығында, Жаңақала ауданында жаңа пәтерлер берілді. Республика күні қарсаңында қуанышқа кенелген жаңа қоныс иелерін құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін!, - деді Нариман Төреғалиев.
Айта кетейік, Сырым ауданында 800-дей азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Оның 160-тан астамында жалғыз үйі апатты деп танылған. Бұл санаттағы отбасыларға келесі жылы тағы 36 пәтердің кілті табысталады.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі









