
Бүгін Қазақстан мұғалімдері кәсіби мерекелерін атап өтуде. Шығыс Қазақстанда педагогтер үшін қолайлы еңбек жағдайларын жасауға ерекше көңіл бөлінеді.
Мұғалімнің жұмысы тек сабақ өткізумен шектелмейді. Ол баланың қабілетін байқап, бойындағы сенімін оятып, білімге деген қызығушылығын қалыптастырады. Сондықтан ұстаздың өзіне қолайлы еңбек жағдайын жасау - білім беру сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі. Шығыс Қазақстан облысында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Қазіргі мектепке тек білікті мұғалім ғана емес, заманауи білім беру ортасында жұмыс істей алатын кәсіби маман қажет. Осы мақсатта өңірде педагогтерді қолдауға, ауыл мектептеріне кадр тартуға, олардың біліктілігін арттыруға және мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға басымдық берілуде.
Ауылға барған ұстазға қолдау
Білікті мамандарды ауылдарға тарту - білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі. Шығыс Қазақстанда бұл мәселені шешуге «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы ықпал етіп отыр.
Бағдарлама аясында ауылға барған педагогтер мен басқа да сұранысқа ие мамандарға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы беріледі. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 1 500 АЕК-ке дейін бюджеттік несие қарастырылған. Несие 15 жылға жылдық 0,01% мөлшерлемемен беріледі.
Мұндай қолдау ауылға маман тартумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат - жас маманның сол жерде тұрақтап, кәсіби тұрғыда дамуына мүмкіндік жасау.
Заманауи мектеп - жаңа мүмкіндік
Мұғалімнің кәсіби әлеуетін толық іске асыруы үшін оның жұмыс істейтін ортасы да заманауи болуы керек. Биыл облыстағы 25 мектепте 35 заманауи пәндік кабинет іске қосылды. Жаңа кабинеттер педагогтерге тәжірибелік және зертханалық сабақтарды тиімді өткізуге, заманауи оқыту технологияларын пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл - ең алдымен оқушы үшін жасалған жағдай. Бірақ оның игілігін ұстаз да көреді. Себебі қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген кабинет мұғалімнің сабақты тек теориялық тұрғыда емес, тәжірибе арқылы ұйымдастыруына жол ашады.
Бұл бағыттағы жұмыстың ауқымы жаңа мектептер салу арқылы да кеңейіп отыр.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Шығыс Қазақстанда 3 мың оқушыға арналған 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның үшеуі Өскеменде, біреуі Риддерде, екеуі Глубокое ауданында және біреуі Шемонаиха ауданында орналасқан.
Мұғалімдердің біліктілігі артуда
Бүгінгі педагог үшін бір рет алған диплом жеткіліксіз. Білім беру әдістемесі, технологиялар, оқыту тәсілдері үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан мұғалімнің кәсіби дамуы үздіксіз болуы керек.
2026 жылы облыстың 3 мыңнан астам мұғалімін біліктілікті арттыру курстарымен қамту жоспарланған. 1 қазандағы жағдай бойынша оның 2 245-і оқуын сәтті аяқтады. Бұл - ұстаздардың жаңа әдістемелерді меңгеріп қана қоймай, оларды сабақ барысында қолдануына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Қазіргі мектепте әр баланың білім алуға құқығы бірдей. Сондықтан ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен жұмыс істейтін педагогтердің кәсіби дайындығына да ерекше мән беріледі. 2026 жылы осы бағыттағы педагогтердің біліктілігін арттыру үшін 500 ұстаз арнайы оқытудан өтті.
Курстар барысында мұғалімдер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін, бейімделген білім беру бағдарламаларын әзірлеу және психологиялық-педагогикалық қолдау әдістерін меңгерді.
Бұл жерде мәселе тек жаңа білім алуда емес. Ең бастысы, әр оқушының мүмкіндігіне қарай білім алуына жағдай жасайтын мұғалімнің кәсіби құзыретін күшейту.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).









