
Талдықорған қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзудың кезекті дерегін анықтап, жолын кесті.
Түнгі уақытта Балапанова көшесінде Mercedes-Benz автокөлігін басқарған 21 жастағы жүргізуші «дрифт» жасап, қатты шу шығарып, қала тұрғындарының тыныштығын бұзған.
Мұндай әрекет айналадағы адамдарға қолайсыздық туғызып қана қоймай, жол қозғалысына қатысушылар мен жаяу жүргіншілерге нақты қауіп төндіреді.
Аталған дерек бойынша полиция қажетті материалдарды жинап, заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолдады.
Жетісу облысының полициясы ескертеді: қала көшелерінде дрифт жасау — ойын да, мақтанатын әрекет те емес. Бұл жол-көлік оқиғасына, жарақат алуға және басқа да ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін қауіпті әрекет.
Айналаңыздағы адамдарды құрметтеп, заң талаптарын сақтаңыз. Жолдағы қауіпсіздік әрбір жүргізушінің жеке жауапкершілігінен басталады.









