
Теміржан Төлепбергенов — Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты құрылған 2007 жылдан бері табиғат қорғау саласында еңбек етіп келе жатқан мемлекеттік инспектор. Еңбек жолын мемлекеттік инспектор қызметінен бастаған ол 2013–2015 жылдары Табиғи кешенді қорғау бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Бүгінде мемлекеттік инспектор ретінде жұмысын жалғастырып, көпжылдық тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп келеді. Резерваттың алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Техника мен қажетті құрал-жабдықтар жеткіліксіз, даладағы жұмыс жағдайы толық қалыптаспаған кезеңдер де болды. Соған қарамастан табиғатты қорғау ісі үздіксіз жалғасты. Қазір Теміржан Әмірханұлы үшін дала — тек жұмыс орны емес. Жылдар бойы бақылаған аумақтың әр бөлігі, ондағы жануарлар мен өсімдіктер — күнделікті еңбегінің ажырамас бөлігі. Табиғатты қорғау — үлкен жауапкершілікті, төзімділік пен өз ісіне адалдықты талап ететін қызмет. Теміржан Төлепбергеновтің еңбек жолы — осы мамандыққа деген тұрақтылық пен жауапкершіліктің көрінісі.









