
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің базасында өнеркәсіптік қауіпсіздік класы мен ақпараттық бұрышын ашты. Бұл бастама студенттердің осы саладағы білімін арттыруға, қауіпті өндірістік объектілердегі талаптарды түсіндіруге және болашақ мамандар арасында сақтану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Жаңа класқа өндіріс орындарын қауіпсіз пайдалану, авариялар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу шараларын түсіндіретін көрнекі материалдар қойылған. Сондай-ақ ақпараттық бұрышта негізгі ережелер мен профилактикалық мәліметтер орналастырылған.
Мұндай оқу орны жастардың теориялық білімін толықтырып, өндірістегі сақтық шараларының маңыздылығын терең түсінуге жол ашады.
Алматы қаласы ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы білім беру ұйымдарымен бірлескен жұмысты жалғастыра отырып, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.









