Облыс мектептеріне арналған семинарда тамақтану стандартын сақтау және тамақтан уланудың алдын алу мәселелері талқыланды

    Облыс мектептеріне арналған семинарда тамақтану стандартын сақтау және тамақтан уланудың алдын алу мәселелері талқыланды

    2025 жылы білім беру ұйымдарындағы тамақтанудың жаңа стандарты және мектеп асханасының үлгілік перспективалық мәзірі әзірленді. Тамақтану стандартының негізгі артықшылықтары – тұз, қант пен майды тұтынуды азайту, көкөністер мен жемістерді тұтынуды арттыру, ет ассортиментінің әртүрлілігі (жылқы еті), сондай-ақ мәзірден табиғи емес тағам өнімдері мен тұз бен қант мөлшері жоғары өнімдерді (шұжық өнімдері, қақталған өнімдер, құрамында қосылған қант бар шырындар) алып тастау болып табылады. Бұл семіздік, диабет, жүрек-қан тамыры және басқа да жұқпалы емес аурулардың даму қаупін төмендетуге әкеледі.

    Жамбыл облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің білім беру және тәрбиелеу объектілерін бақылау бөлімінің басшысы Ж.А. Ширяева облыс мектептерінің басшылығы мен әлеуметтік педагогтеріне арналған семинарда тамақтануды ұйымдастырудың негізгі талаптары мен тағам улануының алдын алу жолдарын түсіндірді.

    Семинарға Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының және Тараз қалалық білім бөлімінің өкілдері де қатысты.

    Баяндауда тамақтануды ұйымдастырудың негізгі қағидаттары, тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар, тамақтануды ұйымдастыру процесінің негізгі қатысушыларының міндеттері, құжаттаманы жүргізу, өндірістік бақылауды ұйымдастыру, орналасу мәзірін құру талаптары және желінбей қалған тағам индексін есептеу әдістемесі қозғалды.

    Әлеуметтік педагогтерге жұмыстың негізгі аспектісі: бракераждық комиссия жұмысын қалай дұрыс ұйымдастыру керектігі, ыстық тамақ алатын балалардың есебін жүргізу (ерекше мәзір қажет ететіндерді қоса алғанда) және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу жолдары түсіндірілді.

    Семинарға қатысушылар кездесу форматын жоғары бағалады – тікелей диалог санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету бойынша барлық сұрақтарды егжей-тегжейлі талқылап, толық жауап алуға мүмкіндік берді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары