
AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті ұйымдастырған «ЖИ дәуіріндегі телекоммуникациялық инфрақұрылым» атты панельдік сессия өтті.
Кездесу жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу жағдайында байланыс желілерін трансформациялаудың басты сын-қатерлері мен келешегін талқылау үшін Қазақстанның ірі телекоммуникация операторларының басшыларын, халықаралық сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдерін тоғыстырды.
Панельдік пікірталасқа ҚР ЖИЦДМ Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков, GSMA Еуразия өңірінің директоры Таир Исмаилов (модератор), Kcell басқарма төрағасы Асқар Жамбакин, Beeline Қазақстан Холдингінің басқарма төрағасы Джаббор Каюмов, Tele2/Altel басқарма төрағасы Александр Бабичев және Freedom Telecom Holding бас директоры Қайрат Ахметов қатысты.
Дискуссияның негізгі тақырыбы цифрлық инфрақұрылымға қойылатын талаптардың түбегейлі өзгеруі болды. Өңделетін деректер көлемі мен ЖИ-модельдері күрделілігінің артуымен ақпарат тарату жылдамдығы ғана емес, сонымен бірге кідірістің барынша аз болуы, жоғары сенімділік және есептеулердің тұтас интеграциясы да аса маңызды мәнге ие болуда. Сессия барысында спикерлер 5G желілері мен келешегі бар 6G стандарттарын дамыту, талшықты-оптикалық инфрақұрылымды кеңейту, шеткі есептеулерді (edge computing) енгізу және желілерді интеллектуалды басқару үшін ЖИ қолдану мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырды.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков өз сөзінде Қазақстанның ЖИ қолдану бойынша заңнамалық негізді, соның ішінде жүйелерді тәуекел деңгейлеріне қарай бөлуді және ұлттық ЖИ платформасымен жұмыс істеу ережелерін қалыптастырып үлгергенін атап өтті.
«AI-экономиканы дамыту телекоммуникациялық инфрақұрылымның рөлін түбегейлі өзгертуді талап етеді. Бүгінде біз дәстүрлі «адамдарға арналған желілерден» пайдаланушыларды, автономиялы жүйелерді, деректер орталықтарын және үлестірілген есептеу қуаттарын біріктіретін икемді AI-native инфрақұрылымына өтуді бақылап отырмыз. Еліміздің географиясын ескере отырып, Қазақстан оптикалық арналарды, 5G желілерін, edge computing және спутниктік байланысты біріктіретін гибридті модельді дамытуда. Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі осы инфрақұрылымның бірыңғай цифрлық ортаға қаншалықты тиімді біріктірілгенімен айқындалады», — деді Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков.
Панельдік сессия аясында тараптар, сондай-ақ, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы негізгі телекоммуникациялық хаб ретіндегі стратегиялық рөлін, деректерді шекарааралық эркін әрі қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етуді және отандық әзірлеушілерді мемлекеттік қолдау механизмдерін, соның ішінде ЖИ-шешімдерін басымдықпен сатып алу мен ішкі нарықты ынталандыруды талқылады.
Сессия қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның өңірдегі технологиялық көшбасшы позициясын нығайта отырып, ДӨО-ның орнықты экожүйесін қалыптастыру және елдің цифрлық байланысын дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру ниетін растады.









