МАҚТААРАЛДА БЮДЖЕТ КІРІСТЕРІНІҢ ОРЫНДАЛУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

    МАҚТААРАЛДА БЮДЖЕТ КІРІСТЕРІНІҢ ОРЫНДАЛУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
    Мақтаарал ауданы әкімдігінде салықтық және салықтық емес түсімдердің орындалуы, салық берешегін азайту және бюджет кірістерін арттыру мәселелері талқыланды.
    Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Анарбеков төрағалық етіп, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы, экономика және қаржы бөлімінің басшысы, кенттер мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
    Күн тәртібінде 2026 жылдың 9 айындағы бюджет кірістерінің орындалуы, жеке тұлғалардың салық берешегін өндіру, шағын және орта бизнес пен шаруа қожалықтарынан түсетін түсімдерді арттыру мәселелері қаралды.
    Жеке тұлғалардың мүлік, жер және көлік салықтары бойынша берешекті азайтуға ерекше назар аударылды. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің тапсырмасына сәйкес, берешекті өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға төмендету міндеті қойылған.
    28 тамыз – 28 қыркүйек аралығында мүлік және жер салығы бойынша 92,2 мың теңге, көлік салығы бойынша 6,1 млн теңге берешек өндірілді. Көлік салығы бойынша берешекті өндіруде Мақтарал, Мырзакент, Достық және Атакент ауылдық округтері белсенділік танытты.
    Ауданда бүгінде 773 заңды тұлға, 7 446 шаруа қожалығы және 5 408 жеке кәсіпкер тіркелген. 2026 жылдың қорытындысы бойынша жеке табыс салығы жоспарының 108%, ал мүлік салығы жоспарының 135% орындалуы болжануда.
    Кәсіпкерлік нысандардың салық түсімдерін арттыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде тойханалар саласында да оң динамика байқалады. Аудандағы 12 тойхананың 9-ы жұмыс істейді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында олардың айналымы 247,8 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артқан.
    Аудандағы 7 446 шаруа қожалығының бірыңғай жер салығы бойынша 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларына белгіленген 69,4 млн теңге жоспар 72,5 млн теңгеге, яғни 104%-ға орындалды. Жоспарды орындауда Мақтарал, Достық, Нұрлыбаев және Қалыбеков ауылдық округтері жоғары нәтиже көрсетті.
    Жиын қорытындысында ауылдық округтер мен кент әкімдіктеріне салықтық берешекті төмендету, белгіленген 15% межеге қол жеткізу, сондай-ақ жыл соңына дейін бюджет кірістері бойынша тапсырмаларды толық орындау үшін жүйелі жұмысты күшейту тапсырылды.

    (с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Мақтаарал ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары