
Сарыағаш ауданында инвестиция тарту және кәсіпкерлік жобаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев жеке кәсіпкер Нұрғали Әбдібаевпен кездесіп, инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында кәсіпкер Ақжар ауылдық округі аумағында 600 басқа арналған тауарлық сүт фермасын ашу жобасын таныстырды. Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Жобаны іске асыру нәтижесінде жергілікті тұрғындар үшін 30-ға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар фермаға қажетті мал азығын, оның ішінде жүгері және басқа да азықтық дақылдарды жергілікті шаруашылықтардан сатып алу көзделіп отыр.
Аудан әкімі кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және инвестициялық жобаларды іске асыруға қажетті жағдай жасау маңызды екенін атап өтті. Осы ретте ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алайдар Амирхановқа инвестициялық жобаны сүйемелдеу, тиісті әкімшілік қолдау көрсету және туындаған мәселелерді заңнама аясында шешу жөнінде тапсырмалар берілді.
Айта кетсек, инвестициялық жобалардың жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі









