Бір ғасырға жуық тарихы бар Үштөбе станциясының вокзалы заманауи келбетке ие болды

    Бір ғасырға жуық тарихы бар Үштөбе станциясының вокзалы заманауи келбетке ие болды

    Жетісу облысында 1930 жылы салынған Үштөбе станциясының теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нысанды жөндеу Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүргізілді.

    Реконструкция барысында жалпы ауданы 1 335 шаршы метр болатын вокзалдың екі қабатты ғимараты толық жаңартылды. Шатыр, қасбет және ішкі үй-жайларды жаңарту жұмыстары жүргізіліп, кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтау жүйелері жаңғыртылды. Іргелес аумақ пен жолаушылар перроны абаттандырылды.

    Ғимараттың қасбеті заманауи сызықтық панельдермен қапталып, жертөле бөлігі гранитпен әрленді. Ішкі үй-жайларда аспалы торлы төбелер орнатылып, едендер керамогранитпен қапталды. Сондай-ақ жаңа эвакуациялық жолдар жабдықталып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келетін есіктер орнатылды. Қайта жаңғырту барысында отандық өндірістің құрылыс материалдары пайдаланылды.

    Үштөбе станциясындағы вокзал III санатқа жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 435 адамды құрайды. Станция арқылы Үштөбені Алматы, Астана, Павлодар, Өскемен, Семей, Талдықорған, Қарағанды және Балқаш қалаларымен, сондай-ақ Ресей қалаларымен байланыстыратын 22 жолаушылар пойызы қатынайды.

    Қайта жаңғыртудан кейін вокзал заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Жолаушыларға арналған жағдайлар жақсартылып, пойыздарды күту және оларға қызмет көрсету кезіндегі жайлылық деңгейі артты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі" жаңалықтары