
Қазақстан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау жүйесінде қаржыландыруды ертерек бастау тетігіне кезең-кезеңімен көшіп келеді. Бұған дейін несие қаражатының басым бөлігі егіс жұмыстары кезеңінде берілетін. Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер маусым басталғанға дейін бірнеше ай бұрын қаржыландырылып, алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алып отыр.
Мұндай тәсіл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 15 қарашада өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алғашқы форумында берген тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Тапсырмада егіншілерді негізгі маусымдық жұмыстар басталғанға дейін қажетті қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету және егіс науқанына дайындық сапасын арттыру міндеті қойылған.
Ауыл шаруашылығында уақыт өте маңызы. Тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары, жанар-жағармай және қосалқы бөлшектер шаруашылыққа техника алқапқа шыққан күні емес, одан әлдеқайда бұрын қажет. Ерте қаржыландыру шаруаларға қажетті қорларды алдын ала қалыптастырып, техниканы дайындауға және қаржылық жүктемені ауыл шаруашылығы циклі барысындағы ең қарбалас кезең басталғанға дейін бөлуге мүмкіндік береді.
Ерте қаржыландыру тетігі жүйелі сипатқа ие болды
Алғашқы практикалық қадам 2024 жылдың соңында жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» 2024 жылғы 29 қарашада 2025 жылғы егіс науқанын ерте қаржыландыруға өтінімдер қабылдауды бастады.
Кейіннен бұл тетік жетілдіріліп, оны іске қосу мерзімі біртіндеп ертерек кезеңге ауыстырылды.
2027 жылғы маусымның көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер қабылдау 2026 жылғы 1 қазаннан басталады. Осы мақсаттарға 200 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Диқандар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-ды құрайды.
Келесі маусымға қаржылық дайындық күзде, көктемгі дала жұмыстары басталғанға дейін басталады.
АӨК-ті қолдау көлемі артуда
Ерте қаржыландыру Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту міндеттері шеңберінде аграрлық секторды жеңілдетілген несиелендіру көлемінің жалпы ұлғаюы аясында дамып келеді. Соңғы үш жылда көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі шамамен 1,8 есеге өсіп, 750 млрд теңгеге жетті.
- 2024 жылы 421 млрд теңге, оның ішінде 100 млрд теңге 2025 жылғы егіс науқанын ерте қаржыландыруға жұмсалды;
- 2025 жылы — 649,3 млрд теңге. Оның ішінде 2026 жылғы маусымды ерте қаржыландыруға 147,8 млрд теңге.
- 2026 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 750 млрд теңге, 2027 жылғы маусымды ерте қаржыландыруға 200 млрд теңге қарастырылған.
2026 жылғы 28 қыркүйектегі жағдай бойынша шаруаларға 664,4 млрд теңге берілді, қаржыландырумен 8 млн гектардан астам қамтылды.
Ерте қаржыландыру шаруашылықтарға маусымдық жұмыстарға алдын ала дайындалуға, тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары, жанар-жағармай, материалдар мен қосалқы бөлшектерді алдын ала сатып алуға, техниканы жөндеп, дайындауға, сонымен қатар қажетті шарттарды уақтылы жасасуға мүмкіндік береді.

Қаржыландыруға қолжетімділік кеңейіп келеді
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кредиттік ресурстарға қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған құралдар да жетілдірілуде.
Шаруашылықтардың бір бөлігі үшін негізгі проблемалардың бірі кепіл базасының жеткіліксіздігі болып қала береді. Оны шешу үшін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қарыз сомасының 85%-на дейін жабуды көздейтін кепілдік беру тетігі қолданылады.
- 2024 жылы 94,2 млрд теңге кредит беру сомасына 401 кепілдік берілді;
- 2025 жылы – 283 млрд теңге кредит беру сомасына 1 633 кепілдік. Оның ішінде 51,4 млрд теңгеге 300 кепілдік – ерте қаржыландыру шеңберінде;
- 2026 жылы қарыздардың жалпы сомасы 274,2 млрд теңгеге 1 735 кепілдік берілді.
Қаржы құралдары екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ филиалдық желісі арқылы ұсынылады.
2026 жылғы егіс науқаны белгіленген мерзімде жүргізілді
Биылғы көрсеткіштер жүйенің жұмысын іс жүзінде бағалауға мүмкіндік береді. 2026 жылғы егіс науқаны еліміздің барлық өңірлерінде белгіленген агротехникалық мерзімде өтті. Жалпы ауданы 24,2 млн гектарды құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 597 мың гектарға артық. Шаруашылықтарды егіс науқанына қажетті ресурстармен қамтамасыз ету үшін литріне 281 теңге бағамен 402,3 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді. Тұқым қоры 2,3 млн тонна көлемінде қалыптастырылды.

Егін жинау науқаны жоғары қарқынмен жалғасуда
Қазіргі жағдай бойынша Қазақстанда дәнді дақылдардың 13,5 млн гектары, яғни жалпы 15,6 млн гектар алқаптың 83%-ы жиналды. Былтырғы сәйкес кезеңінде 16,1 млн гектардың 11 млн гектары, немесе 68,6%-ы жиналған болатын.
Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, 19,9 млн тонна астық бастырылды. Майлы дақылдардың 2,4 млн гектары жиналды. Өнімділік гектарына 10 центнер болған кезде 2,4 млн тонна майлы дақыл тұқымы бастырылды. Былтырғы сәйкес кезеңде өнімділік гектарына 9,9 центнер болып, 840,5 мың тонна майлы дақыл тұқымы жиналды. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа өнімнің 4,9 млн тонна астығы жеткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Қоймаға қабылданған жұмсақ бидайдың 74%-ы жоғары сапалы бидай, 20%-ы төртінші сыныпқа, ал 6%-ы бесінші сыныпқа жатқызылды.
Бұл көрсеткіштер егін жинау науқанының нәтижелерін ғана емес, сонымен қатар ішкі нарықты алдағы уақытта қамтамасыз ету үшін қалыптасып жатқан тауар қорларының көлемін де көрсетеді.
Келесі кезең – 2027 жылғы маусымға дайындық
Шаруаларды мемлекеттік қолдау жүйесінің архитектурасы біртіндеп өзгеріп келеді. Оның негізі жеңілдікті қаржыландыру көлемін ұлғайтумен ғана шектелмей, мемлекеттік қаржылық қолдаудың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қай кезеңде қолжетімді болатынын өзгертуге бағытталуда. Ауыл шаруашылығы маусымына дайындықтың жаңа циклі ағымдағы жыл аяқталмай тұрып басталады. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қажетті ресурстарды алдын ала қалыптастыруға, техниканы дайындауға және келесі маусым басталғанға дейін көктемгі егіс жұмыстарын жоспарлауға мүмкіндік береді.








