ҚАЗАҚСТАНДА АҒА БУЫНДЫ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ БЕЛСЕНДІ ӨМІР СҮРУІНЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ ШАРАЛАРЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

    ҚАЗАҚСТАНДА АҒА БУЫНДЫ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ БЕЛСЕНДІ ӨМІР СҮРУІНЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ ШАРАЛАРЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

    Жыл сайын 1 қазан күні әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Елімізде жасы бойынша зейнетақы алатын 2,6 миллионға жуық азамат бар. Мемлекет тарапынан аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғау, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіру және олардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде.

    2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 10%-ға артты. Сонымен қатар күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері де ұлғайтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жалғасып келеді. Биыл базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 110%-дан 118%-ға дейін жеткізілді.

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аға буын өкілдерінің әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, олардың белсенді өмір сүруіне және қоғам өміріне араласуына да ерекше көңіл бөледі. Бүгінде елімізде 132 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Орталықтар «бір терезе» қағидаты бойынша белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс бағыттарында қызмет көрсетеді. Мұнда қарт адамдардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және жаңа дағдыларды меңгеруіне жағдай жасалған. Атап айтқанда, йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылық, ағылшын тілі, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар ұйымдастырылады.

    Қарттар күніне орай Астана қаласындағы, Ұлытау, Павлодар және Ақмола облыстарындағы зейнетақысы ең төменгі мөлшерде және одан төменгі мөлшерде алушыларға, Маңғыстау облысындағы және Шымкент қаласындағы 70 жастан асқан адамдарға, Қарағанды облысындағы 75 жастан асқан адамдарға, Түркістан облысындағы үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын жалғызбасты қарт адамдарға жалпы сомасы 3,8 млрд теңгені құрайтын, 274,2 мың адамды қамтитын біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті" РММ-і" жаңалықтары