
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі Энергетика министрлігі мен «Turan Wind Energy» ЖШС арасындағы қуаты 1000 МВт болатын жел электр стансасын және қуаты 300 МВт электр энергиясын жинақтау жүйесін салу бойынша Келісімге қол қоюды мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Жобаға салынған инвестиция көлемі шамамен 380 млрд теңгені құрайды. Құрылыс 2027 жылдың көктемінде басталады, жұмыстарды аяқтау және пайдалануға беру 2029 жылдың соңына жоспарланған.
Жаңа жел электр стансасы Қостанай облысындағы жаңартылатын энергетиканың ірі нысанына айналады.
Жобаны жүзеге асыру Қостанай облысының энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға, жаңа инвестициялар тартуға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға ықпал ететін болады. 750 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Жоба жаңартылатын энергетиканы одан әрі дамыту және Қазақстанның энергетикалық балансын әртараптандыру үшін стратегиялық маңызға ие. Станса құрылысы еліміздің энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесін ұлғайту жөніндегі жұмыстың бір бөлігі болмақ, ол бойынша нысаналы көрсеткіштер баламалы энергия көздерін ескере отырып, 2030 жылға қарай 15%-ға дейін және 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жетеді.








