
Шымкент қаласының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында қала аумағында есірткі заттарын өткізумен айналысқан екі жергілікті тұрғынды ұстады.
Ұсталғандардан психотроптық зат альфа-PVP салынған 50 орама табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, күдіктілердің бірінің тұрғылықты жерінен 32 орама гашиш пен 200 гр гашиш майы анықталды.
Тергеу барысында ер адамдардың ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап есірткі заттарын өткізіп, курьер және есірткі заттарын бөліп-орау қызметін атқарғаны анықталды.
Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу жүргізілуде.
Полиция есірткінің заңсыз айналымы үшін заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Мұндай қылмыс үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.









