
Сіздерді Қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн саналы ғұмырын елдің дамуына, ұрпақ тәрбиесіне, отбасы мен қоғамның игілігіне арнаған аға буынға құрмет көрсетіп, шынайы алғысымызды білдіретін ерекше күн.
Әрқайсыңыздың өмір жолыңыз кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды тарих. Сіздер талай жыл маңдай термен еңбек етіп, отбасыларыңызды өсіріп, балалар мен немерелеріңізге тәлім-тәрбие бердіңіздер. Өмірден көргендеріңіз бен көңілге түйгендеріңіз - баға жетпес қазына. Сіздер ұрпақтар сабақтастығын жалғап, жас буынға ақыл-кеңестеріңізді, өмірлік тәжірибелеріңіз бен адамгершілік құндылықтарды аманат етіп келесіздер.
Ақмола облысының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері мен аға буын өкілдеріне айрықша ризашылығымызды білдіреміз. Бүгінде араларыңызда қоғамдық өмірге белсене араласып, жастарға бағыт-бағдар беріп, мол тәжірибелерімен бөлісіп жүрген жандар аз емес. Сіздердің белсенділіктеріңіз бен елге деген жанашырлықтарыңыз кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі.
Аға буынға құрмет көрсету, қамқорлық жасау - баршамызға ортақ парыз. Үлкенге ізет білдіру, ақылын тыңдау, көңілін сұрап, жанынан табылу - халқымыздың ежелден келе жатқан асыл дәстүрі. Сондықтан әрбір ардагердің өзіне деген құрмет пен қамқорлықты сезінуі, қоғам өмірінде өз орны бар екенін білуі аса маңызды.
Ақмола облыстық мәслихатының депутаттық корпусы атынан және өз атымнан сіздерге ел игілігі жолындағы ерен еңбектеріңіз, өмірлік тәжірибелеріңіз бен өнегелеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін.
Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақ-береке және жан тыныштығын тілеймін! Балаларыңыз бен немерелеріңіздің қызығын көріп, әрдайым жақындарыңыздың ықыласы мен қамқорлығына бөленіңіздер. Әр шаңырақта береке мен бірлік, жүректеріңізде жылу мен қуаныш орнасын!
Қарттықтарыңыз қадірлі, ғұмырларыңыз ғибратты болсын!
Б. Жүсіпов,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы






