
Қазығұрт ауданында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік шара өтті.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Азизхан Исмаилов қатысып, ауданның ардақты ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелерін мерекемен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді.
– Баршаңызды 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Халқымызда «Төріңнен қартың кетпесін» деген тағылымды сөз бар. Біз – қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Осы айтулы мереке қарсаңында баршаңызға ел игілігі жолындағы ерен еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, әрдайым ел-жұрттың құрметіне бөленіп жүре беріңіздер – деді Азизхан Исмаилов.
Мерекелік шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, саналы ғұмырын ел қызметіне арнап, бүгінде өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп жүрген бірқатар қазыналы қарияларға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Кеш барысында аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары әсем әндерімен көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, «Наз» би ансамблі мың бұрала билеп, мерекелік шараның сәнін келтірді.
Бүгінде Қазығұрт ауданында 11 260 ардагер бар. Оның ішінде 151 тыл ардагері, 1 Социалистік Еңбек Ері бар. Сондай-ақ үйде күтімге алынған 91 жалғызілікті қартқа әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Жыл басынан бері 495 ардагер (зейнеткер) «Ардагер», «Мейір», «Кәусар бұлақ» шипажайларында сауықтырудан өтуде.









