
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында 2027 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы қаралды.
Кеңесте Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Тілеуберді Мадиев дайындық жұмыстары туралы баяндады. Жоспарланған жеті инженерлік іс-шараның алтауы орындалған. Қазіргі таңда Қошқар ата өзенінің 4,7 шақырымдық арнасын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, қаланың даму жоспарына су тасқынының алдын алуға бағытталған жеті жоба енгізілген. Олардың қатарында Бадам және Сайрамсу өзендерінің арналарын нығайту, Текесу су қоймасы мен каналын жөндеу, Ақсай-Қарабастау каналын қалпына келтіру және Бадам өзенінің арнасын тазарту жұмыстары бар.
Жиын қорытындысы бойынша су тасқыны қаупінің алдын алу және инженерлік инфрақұрылымды күшейту бағытында жауапты органдарға тиісті тапсырмалар берілді.









