
Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына заңнамада кедендік алымдарды төлеуден босату көзделген жағдайлар туралы еске салады.
«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 80-бабына сәйкес кедендік алымдарды төлеуден төмендегілер босатылады:
- Жүктерді, багажды және жолаушыларды тұрақты халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын көлік құралдары, сондай-ақ жол-жөнекей жүру уақытында, аралық тоқтау пункттерінде оларды пайдалану үшін қажетті немесе осы көлік құралдарының авариясын (бұзылуын) жоюға байланысты шетелде сатып алынған материалдық-техникалық қамтамасыз ету заттары, жабдықтар, отын, азық-түлік және басқа да мүлік;
- Теңіз кәсіпшілігін жүргізетін, Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары мен азаматтарына тиесілі немесе олар жалға (жалдауға) алған теңіз кемелерінің өндірістік қызметін қамтамасыз ету үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге әкетілетін материалдық-техникалық қамтамасыз ету заттары, жабдықтар, отын, азық-түлік және басқа да мүлік, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін кәсіпшілік өнімі;
- Ұлттық және шетелдік валюта банкноттары мен монеталары (мәдени-тарихи құндылық болып табылатын банкноттар мен монеталарды қоспағанда), сондай-ақ бағалы қағаздар;
- Гуманитарлық көмек ретінде әкелінетін тауарлар (акцизделетін тауарларды қоспағанда);
- Мемлекеттердің, мемлекеттер үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың желісі бойынша қайырымдылық көмек, соның ішінде техникалық жәрдем көрсету мақсатында әкелінетін тауарлар (акцизделетін тауарларды (арнайы медициналық мақсаттарға арналған жеңіл автомобильдерден басқа) қоспағанда);
- Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және оның филиалдары, өкілдіктері мен ұйымдары ақша белгілерін өндіру үшін әкелетін шикізат;
- Шетелдік дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктердің, консулдық мекемелердің ресми пайдалануы үшін, сондай-ақ осы өкілдіктердің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық персоналына жататын адамдардың, оның ішінде олармен бірге тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес босатылатын отбасы мүшелерінің жеке пайдалануы үшін әкелінетін және әкетілетін тауарлар;
- Мемлекеттердің, мемлекеттер үкіметтерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалған халықаралық ұйымдардың желісі бойынша берілген гранттар қаражаты есебінен сатып алынатын тауарлар.
Бұдан бөлек, тауарларды мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастыру кезінде кедендік декларациялау үшін кедендік алым төленбейді.
Кедендік алымдарды салудан босату үшін құжаттарды ұсыну тәртібін уәкілетті орган айқындайды.









