
Атырау облысының прокуратурасы құрылысқа бюджет қаражатын жұмсау кезінде екі бұзушылық фактісін анықтады - кінәлі лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар үшін жауаптылыққа тартылды.
Бірінші жағдай - Құрманғазы ауданында. 2024 жылы жергілікті Құрылыс бөлімі Құрманғазы ауылында 30 пәтерді 600 млн теңгеге сатып алған. Мәселе кейін анықталды: үй газ желілеріне қосылмаған болып шықты.
Бөлім басшысы бұл туралы сатып алу өткізілгенге дейін-ақ білген, бірақ тендерді бәрібір жекелеген кәсіпкерлердің пайдасына ұйымдастырған.
Екінші жағдай - Қызылқоға ауданында. Мұнда құрылыс бөлімінің басшысы нақты орындалмаған жұмыстар үшін мердігерге 900 мың теңге аударған.
Аталған мәселе Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Құрманғазы құрылыс бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Оның Қызылқоға ауданындағы әріптесіне қызметке толық сай еместігі туралы ескерту жарияланды.
Прокуратура өңірде осындай бұзушылықтар үшін тағы үш лауазымды тұлға жазаланғаны туралы хабарлады.
Атырау облысының прокуратурасы









