
Жамбыл облысында Дүниежүзілік құтыруға қарсы күрес күніне орай ақпараттық-түсіндіру акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараны Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен оның аумақтық басқармалары жергілікті денсаулық сақтау және ветеринария мекемелерімен бірлесіп өткізді.
Акцияның салтанатты ашылуында Жамбыл облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті және карантинді жұқпалы аурулар бөлімінің басшысы Күмісбек Рахимов, Тараз қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Жанна Смайлова және Жамбыл облыстық ветеринария станциясы басшысының орынбасары Бекнар Ахатаев сөз сөйледі.
Тараз қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Айгүл Сыдықова өңірдегі құтыру ауруының эпидемиологиялық жағдайы мен алдын алу шараларына тоқталды. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ветеринария мамандығының 2-курс студенттері Имран Досманалиев, Айжан Таупа және Сабина Құдайберген жануарлар арасындағы аурудың таралуы, құтырудың жұғу жолдары, клиникалық белгілері мен сақтық шаралары туралы баяндады. Сонымен қатар құтырумен ауырған адам туралы деректі фильм көрсетілді.
Ақпараттық-түсіндіру акциясына мектеп оқушылары, студенттер мен өңір тұрғындары белсене қатысты. Іс-шара соңында тақырыптық викторина өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды.
Мамандар құтырудың алдын алу үшін үй жануарларын ветеринариялық есепке қойып, уақытылы вакцинациялауды, қаңғыбас және жабайы жануарларға жақындамауды ескертеді. Жануар тістеген немесе тырнаған жағдайда жараны дереу сабындап ағын сумен мұқият жуып, мүмкіндігінше тез арада медициналық көмекке жүгіну қажет. Құтыруға қарсы екпені уақытында алу аурудың алдын алуда шешуші рөл атқарады.









