
Еңбегі бірден көзге түсе бермейтін, бірақ балабақшаның күнделікті тіршілігін оларсыз елестету мүмкін емес жандар бар. Олар бүлдіршіндерді жылы жүзбен қарсы алып, қамқорлыққа бөлейді, алғашқы дербес қадамдарын жасауға көмектесіп, балалардың жақын адамына айналады. Осындай жандардың бірі – ұзақ жылдар бойы табанды қызмет етіп жүрген Қарлығаш Дарханқызы Тұсыпбекова.
Қарлығаш Дарханқызы Балкашино ауылында қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бала кезінен еңбекқорлыққа, үлкенді құрметтеуге, жақындарына қамқор болуға тәрбиеленген.
1989 жылы Атбасар ауданында мектепті аяқтап, Целиноград қаласындағы кооперативтік техникумға оқуға түседі. 1992 жылы оқуын тәмамдаған соң тұрмыс құрып, өзін отбасына арнайды. Жолдасымен бірге екі бала тәрбиелеп өсірген Қарлығаш Дарханқызы бүгінде бес немеренің сүйікті әжесі.
1997 жылы отбасы Сандықтау ауданындағы Хуторок ауылына қоныс аударады. Ұзақ жылдар бойы үй шаруасымен айналысып, бала тәрбиесіне көңіл бөліп, шаңырағының берекесін кіргізеді. Отбасы әрдайым оның өміріндегі ең басты құндылық болып қала береді.
Ал 2012 жылы Қарлығаш Дарханқызының өмірінде жаңа кезең басталды. Сол жылы Балкашино ауылында жаңадан ашылған «Ер-Төстік» бала-бақшасына жұмысқа орналасып, алғашқы күннен бастап тәрбиешінің көмекшісі қызметін атқарып келеді. Содан бері ол өз еңбегіне бар күш-жігерін ғана емес, жүрек жылуын да арнап жүр.
Бір қарағанда, тәрбиеші көмекшісінің міндеттері қарапайым болып көрінуі мүмкін. Алайда оның артында үлкен жауапкершілікті, шыдамдылықты және балаларға деген шынайы сүйіспеншілікті талап ететін күнделікті еңбек жатыр.
Қарлығаш Дарханқызы таң атпай жұмыс орнына асығатын, өз міндетін тиянақты орындауға тырысатын, топ бөлмелерінің тазалығы мен тәртібін қадағалайды, тәрбиешілерге бүлдіршіндердің күнделікті өмірін ұйымдастыруға көмектеседі, олардың уақытылы тамақтануына көңіл бөліп, өзіне-өзі қызмет көрсету және дербестік дағдыларын қалыптастырады.
Балаға көмек қажет болған сәтте ол әрдайым жанынан табылады. Ақылын айтып, қолдау көрсетеді, жұбатады, үйретеді және әр бүлдіршінге жылы сөзін арнайды.
Осы жылдар ішінде Қарлығаш Дарханқызы көптеген тәрбиеленушілер үшін жай ғана тәрбиеші көмекшісі емес, жанында өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінетін жақын адамға айналды.
Оның еңбегіне берілген ерекше баға – балалардың сүйіспеншілігі мен ата-аналардың сенімі. Көптеген ата-аналар балаларының дәл Қарлығаш Дарханқызы жұмыс істейтін топқа барғанын қалайды. Өйткені әрбір ата-ана үшін баласының жанында оған мейірім мен қамқорлық сыйлайтын адамның болуы аса маңызды.
Ол әріптестерінің арасында да зор құрметке ие.
«Ер-Төстік» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Нағима Тоқұшеваның айтуынша, Қарлығаш Дарханқызы өз ісіне ерекше жауапкершілікпен қарайтын, қызметтік міндеттерін адал атқаратын, сыпайы әрі зиялы жан.
Бірге еңбек еткен жылдар ішінде ол қандай жағдайда да сенім артуға болатын қызметкер ретінде танылған. Оның сабырлылығы, мейірімділігі және әр баланың тілін таба білуі ұжымда өзара түсіністік пен сыйластықтың қалыптасуына ықпал етеді.
Алайда кәсіби еңбегінің артында оның өміріндегі тағы бір маңызды құндылық – отбасы тұр.
Бүгінде Қарлығаш Дарханқызы тек аяулы ана, ардақты әже ғана емес, сонымен қатар ата-анасының бақытты қызы. Әкесі 88 жасқа, анасы 80 жасқа келген. Қандай бақыт десеңізші! Қанша жасқа келсең де, «анам», «әкем» деп еркелеп, олардың дауысын естіп, амандығын біліп, қамқорлық көрсете алу – адам өміріндегі ең үлкен байлықтың бірі.
Бәлкім, оның бойындағы ерекше мейірім мен жан жылуының сыры да осында шығар. Үлкен отбасында өсіп, жақындарының сүйіспеншілігіне бөленген адам сол жылулықты өзгелермен де бөлісе біледі.
Қарлығаш Дарханқызының өмір жолы – күнделікті қарапайым еңбектің шынайы мамандыққа, жүрек қалауына айналуының жарқын үлгісі.
Ол үшін үлкен атақ пен даңқтың қажеті жоқ. Өз ісіңді шын жүректен жақсы көріп, міндетіңді адал атқарып, әр балаға мейіріммен қарасаң жеткілікті.
Өйткені балабақшада бүлдіршіндер алғашқы білім мен дағдыларды меңгеріп қана қоймайды. Олар мейірімділікке, қамқорлыққа, сыйластыққа және қоршаған ортаға сеніммен қарауға үйренеді. Ал осы қасиеттердің қалыптасуына күн сайын балалардың жанынан табылатын жандардың қосатын үлесі зор.
Қарлығаш Тұсыпбекова – өз еңбегімен, төзімділігімен және кең жүрегімен бүлдіршіндердің балалық шағын бақытты етіп, айналасындағы адамдарға жылулық сыйлап жүрген жандардың бірі.
Осындай адамдардың арқасында бала-бақша жай ғана тәрбие мекемесі емес, әр бала өзін сүйікті әрі бақытты сезінетін екінші үйіне айналады.









