
Кеңқияқ ауылында мұнай өндірісінің басталғанына 60 жыл толуына арналған мерейтойлық шара өтті.
Еңбек күнінің қарсаңында Темір ауданының Кеңқияқ ауылында кен орнында мұнай өндірісінің басталғанына 60 жыл толуына орай салтанатты мерекелік шара өтті.
Мерейтойлық шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғ.Елеуов, Темір ауданының әкімі А.Жақсылықов, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Жу Шитао, мұнай-газ саласының ардагерлері, еңбек адамдары, өндіріс мамандары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Кеңқияқ мұнайының өндірістік тарихы 1966 жылдан бастау алады. Сол жылдың 19 желтоқсанында №100 ұңғыма пайдалануға беріліп, кен орнында өнеркәсіптік мұнай өндірудің негізі қаланды. Алпыс жыл ішінде Кеңқияқ мұнайы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, талай буынның тағдырын өндіріс тарихымен сабақтастырды.
Мерейтой барысында Кеңқияқ мұнайының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан сала ардагерлерінің еңбегі ерекше аталып өтті. Салтанатты шарада Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов пен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Жу Шитао құттықтау сөз сөйлеп, мұнай-газ саласының ардагерлерін мерейтойлық марапаттармен марапаттады.
Кеңқияқ кен орнындағы алғашқы өндірістік кезеңнің куәсі болған мұнай-газ саласының ардагері, Кеңқияқ ауылының құрметті азаматы Язит Куспанов пен еңбек ардагері Шолпан Бекеева да өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізіп, кейінгі буынға ақ баталарын берді.
Мерейтойлық шараның концерттік бағдарламасы Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауындағы қазақтың күйі мен әндеріне ұласты. Бағдарламада Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сынды қазақ музыкасының көрнекті тұлғаларының шығармалары орындалып, «Аққу» би ансамблі өнер көрсетті.
«Кеңқияқ мұнайына – 60 жыл» мерейтойы – алты онжылдықтағы өндірістік жолды саралап қана қоймай, Кеңқияқ мұнайының тарихын қалыптастырған еңбек адамдарының маңдай терін ұлықтап, кейінгі буынға өнеге болған тағылымды шараға айналды.









