
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында тазалық және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Осы бағытта Жібек жолы ауылдық округінде кезекті ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Жібек жолы елді мекенінен бастау алған сенбілік барысында «Жібек жолы» кеден бекетінің маңында, республикалық маңызы бар автомобиль жолы бойында, сондай-ақ елді мекеннің ішкі және орталық көшелерінде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Жол жиектері мен қоғамдық орындардағы бей-берекет тасталған тұрмыстық қалдықтар жиналып, арамшөптер шабылды. Сонымен қатар арық-атыздар тазартылып, аумақты абаттандыру және қоршаған ортаның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылды.
Сенбілік таңғы сағат 09:00-де басталып, оған аудан әкімінің орынбасарлары Мұрат Баигабулов, Нұрполат Талипов, облыстық мәслихат депутаты Қайрат Салыбеков, аудандық мәслихат депутаты Нұржан Делишев және барлық мемлекеттік мекемелер өкілдері, қоғамдық ұйымдар, жастар және еріктілер белсенді қатысты.
Апта сайын ұйымдастырылып келе жатқан сенбілік шараларының негізгі мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру.
Тазалық – ортақ міндет. Әр тұрғын өзі тұратын аумақты таза ұстап, абаттандыруға атсалысса, бұл ауданның көркеюі мен қоршаған ортаның тазалығына қосылған маңызды үлес болмақ.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі








