
ШҚО-да Денсаулық сақтау вице-министрінің медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелері бойынша баспасөз мәслихаты өтті
Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз конференциясында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев шығыстағы медицина саласының қазіргі жағдайы мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Тұрғындарға көрсетілетін көмектің сапасы, жаңа нысандарды іске қосу, ауруханаларды заманауи жабдықпен қамту және кадр даярлау мәселелері сөз болды.
Жыл басынан бері облыста қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 3,1%-ға төмендеді. Қатерлі ісіктерден қайтыс болғандар саны 12,3%-ға, жарақаттар мен уланудан болған өлім көрсеткіші 9%-ға азайды. Нәресте өлімі де 18,9%-ға төмендеген.
«Басты міндет — медициналық инфрақұрылымды жаңартумен шектелмей, көрсетілетін көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Бұл әсіресе ауыл тұрғындары үшін маңызды», — деді Тимур Сұлтанғазиев.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша Шығыс Қазақстанда жоспарланған 36 нысанның құрылысы аяқталды. Бұл мекемелер алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді. Шемонаиха ауданындағы Межовка ауылында медициналық пункт, Волчанкада дәрігерлік амбулатория ашылды.
Ауруханалардың материалдық-техникалық базасы да жаңартылып жатыр. Аудандық және көпбейінді емдеу мекемелеріне компьютерлік томографтар, ангиографиялық жүйе, цифрлық маммограф, рентген және ультрадыбыстық зерттеу аппараттары жеткізілді. Жедел жәрдем қызметіне облыстық бюджет есебінен 36 автокөлік сатып алынды.
Кадр даярлау бағытында да бірқатар шара қабылданды. Биыл өңірдің 29 маманы шетелдік және ресейлік клиникаларда білімін жетілдірді. Резидентураның 25 мамандығы бойынша облысқа 48 грант бөлінді.
Әлеуметтік қолдау 55 дәрігерге көрсетілді. Соның 38-і ауылдық жерлерде еңбек етеді. Бұдан бөлек, 14 медицина қызметкері баспанамен қамтылды.
«Жаңа жабдық пен білікті кадрлар диагностика мен емдеудің күрделі түрлерін өңірдің өзінде жүргізуге жағдай жасайды. Соның нәтижесінде тұрғындарға қажетті көмекті жергілікті жерде алу мүмкіндігі артады», — деді ҚР Денасаулық сақтау вице-министрі.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ









