
Бір велосипедтің ұрлығы екіншісін ашуға көмектесті: Қарағандыда 19 жастағы күдікті ұсталды. Қарағандыда полицейлер велосипед ұрлады деген күдікпен 19 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Тергеу барысында оның тағы бір ұрлыққа қатысы бары анықталды. Оқиға 47 жастағы қала тұрғынының арызы негізінде тексерілген. Әйел нан сатып алу үшін дүкенге бірнеше минутқа кіріп кеткен. Осы уақыт ішінде дүкен алдында қалдырған велосипеді ұрланған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Киров полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Белгілі болғандай, жас жігіт ұрланған велосипедті танысына болмашы ақшаға сатып жіберген. Полиция велосипедті тәркілеп, иесіне қайтарды. Тергеу кезінде күдікті тағы бір велосипедті ұрлап, оны да сатып жібергенін мойындады. Екі қылмыс бойынша келтірілген жалпы шығын 130 мың теңгеге бағаланып отыр. Қазір қылмыстық іс аясында полиция күдіктінің осы аумақта жасалған басқа да ұрлықтарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.









