ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ РЕСЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК ДУМАСЫНА САЙЛАУ БАРЫСЫН БАЙҚАУҒА ҚАТЫСТЫ

    ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ РЕСЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК ДУМАСЫНА САЙЛАУ БАРЫСЫН БАЙҚАУҒА ҚАТЫСТЫ

    Қазақстаннан барған 32 өкіл халықаралық байқаушылар ретінде Ресей Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының IX шақырылым депутаттарын сайлауды байқауға қатысты. Сайлау биылғы 18-20 қыркүйек аралығында өтті.

    Делегация құрамына Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының шақыруымен, сондай-ақ ТМД және ШЫҰ байқаушылар миссиялары аясында Ресейге барған байқаушылар кірді. Олар Мәскеу, Мәскеу облысы, Санкт-Петербург, Қазан және Екатеринбург қалаларында жұмыс жүргізді.

    18 қыркүйекте Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Ресейдің Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Элла Памфиловамен кездесті. Кездесуде сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығы талқыланды. Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров Элла Памфиловаға Қазақстандағы Құрылтай сайлауына халықаралық байқаушы ретінде қатысқаны және оның қорытындысы бойынша Ресей байқаушыларының сайлау процесін ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға бергені үшін алғыс білдірді.

    Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасына сайлауды халықаралық байқау аясында сол күні Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров пен ОСК мүшесі Әсел Жанәбілова Мәскеу қаласындағы №1390, №3478 және №1640 сайлау учаскелеріне барып, сайлау процесінің ұйымдастырылуымен, электрондық дауыс берудің ерекшеліктерімен, сондай-ақ қашықтан электрондық дауыс беру жүйесінің жұмысымен танысты.

    Сондай-ақ осы күні Нұрлан Әбдіров Ресей Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырған «Тұрақсыздық кезеңіндегі сайлау» атты халықаралық конференцияға қатысып, «2026 жылғы Қазақстандағы конституциялық реформа аясындағы электоралдық науқандар» тақырыбында баяндама жасады.

    Конференция жұмысына ТМД, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерін қоса алғанда, ондаған мемлекеттің делегация басшылары қатысты. Іс-шараның негізгі тақырыбы сыртқы факторлар мен хакерлік шабуылдар жағдайында сайлау процесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңыздылығы болды.

    Қазақстан ОСК Төрағасы конференцияға қатысушыларға Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформа туралы айтып берді. Оның аясында биыл жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде референдум және Құрылтай сайлауы өтті. Нұрлан Әбдіров Негізгі заң бойынша референдум мен елдің жоғары өкілді органына сайлаудың екі бөлек науқан емес, бірыңғай конституциялық процестің бірізді кезеңдері болғанын атап өтті.

    « Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы үшін басты тұлға – сайлаушы. Сайлау органдарының бүкіл жүйесі соған қызмет етеді. Биыл біз тағы бір маңызды қадам жасадық. Заңнамаға енгізілген өзгерістер алғаш рет үздіксіз жұмыс істейтін өндірістері бар ұйымдарда және вахталық кенттерде тікелей сайлау учаскелерін құруға мүмкіндік берді. Адам өндірістегі ауысымы мен өзінің конституциялық құқығын жүзеге асырудың бірін таңдамауы тиіс. Егер сайлаушының сайлауға келуі қиын болса, заң мүмкіндік берген жағдайда, сайлау сайлаушыға баруы керек. Сайлау процесінің ашықтығы да біз үшін басым бағыттардың бірі болып қала береді. Ұлттық байқаушылармен қатар, референдум мен Құрылтай сайлауына халықаралық байқаушылар да үлкен қызығушылық танытты. Шетелдік әріптестер оларды өткізудің жоғары ұйымдастырушылық деңгейін, рәсімдердің нақтылығын, цифрлық шешімдерді және сайлаушыларға жасалған қолайлы жағдайларды атап өтті. Кәсібилігі мен объективтілік үшін баршаңызға алғыс білдіреміз », – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

    Сондай-ақ конференция аясында Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Беларусь Республикасының Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Игорь Карпенкомен екіжақты кездесу өткізді.

    Дауыс берудің екінші күні - 19 қыркүйекте Нұрлан Әбдіров Мәскеу қаласындағы сайлау учаскелеріне баруды жалғастырып, сайлауды байқау жөніндегі Қоғамдық штабтың қызметімен танысты.

    Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Пәкістанның бас сайлау комиссары Сикандар Сұлтан Раджамен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар тарихи Құрылтай сайлауының қорытындыларын талқылады. Сонымен қатар өзара қарым-қатынастарды одан әрі дамыту және өзара түсіністік туралы екіжақты меморандумға қол қою мәселелері қаралды.

    Нұрлан Әбдіров Иорданияның Тәуелсіз сайлау комиссиясының төрағасы Муса Хабес әл-Маайтамен және Мальдивтің Сайлау комиссиясының төрағасы Мохамед Шакильмен кездесулерінде де ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады.

    Қазақстан ОСК басшысы әріптестеріне биыл тамыз айында өткен Құрылтай сайлауын байқауға өз елдерінің өкілдері белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді.

    Екіжақты кездесулердің қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров “Выборы в Казахстане: кратко и по сути” кітабының екінші басылымын табыстады.

    Сонымен қатар ақпараттық-ғылыми өзара іс-қимылды кеңейту мақсатында аталған кітаптың екінші басылымы және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» жаңартылған Конституциялық заңға түсіндірме еңбегінің екінші басылымы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің, Ресей Ғылым академиясының, сондай-ақ Ресей мемлекеттік кітапханасының қорларына сыйға тартылды.

    Дауыс берудің соңғы күні – 20 қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Мәскеу облысының Хотьково қаласындағы №2808 және №4064, Сергиев Посад қаласындағы №2762, сондай-ақ Мәскеудегі №839 сайлау учаскелеріне барды.

    Өткен сайлаудың қорытындысы бойынша 21 қыркүйекте Нұрлан Әбдіров шет мемлекеттердің орталық сайлау органдары басшыларының брифингіне қатысты. Өз мәлімдемесінде ол сайлау процесін ұйымдастырудың жоғары деңгейін атап өтіп, өзі барған учаскелерде заң бұзушылықтардың анықталмағанын айтты.

    Қазақстан ОСК басшысы жастардың сайлау процесіне белсенді тартылғанына да назар аударды. Атап айтқанда, алғаш рет дауыс берген жастардың, сондай-ақ сайлауды ұйымдастыруға қатысқан волонтерлердің белсенділігіне тоқталды. Сонымен бірге дауыс беру үшін сайлау учаскелерінде кезекте тұрған азаматтардың көп болғанын атап өтті. Нұрлан Әбдіровтің пікірінше, бұл сайлаушылардың азаматтық жауапкершілігінің жоғары деңгейін көрсетеді.

    Айта кетейік, дауыс беру күндері ТМД миссиясы құрамында халықаралық байқаушы ретінде Қазан қаласында Қазақстан ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман, ал Мәскеуде ОСК мүшесі Михаил Бортник жұмыс істеді. Сондай-ақ Мәскеу қаласында ШЫҰ миссиясы құрамында Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов сайлауды байқауға қатысты. Бұдан бөлек, Санкт-Петербург қаласында сайлау барысын байқауға Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы аппаратының қызметкерлері, сондай-ақ еліміздің бірқатар аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.

    Қазақстандық байқаушылардың халықаралық байқауға қатысуы өзге елдердің тәжірибесін зерделеу, сондай-ақ азаматтардың электоралдық мәдениетін дамытуға және сайлаушылардың өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асыруы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған әлемде қолданылатын әдістемелер мен құралдарды талдау тұрғысынан маңызды.

    АНЫҚТАМА

    Ресей Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының IX шақырылым депутаттарын сайлауда 5 жыл мерзімге 450 депутат сайланды. Оның 225 мандаты федералдық партиялық тізімдер бойынша, тағы 225 мандат бірмандатты округтер бойынша бөлінді. 33 өңір онлайн дауыс беруге қатысты. Сонымен бірге сайлаудың әртүрлі деңгейдегі науқандары, оның ішінде субъектілер басшыларын және өңірлік парламенттерді сайлау өткізілді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы" жаңалықтары