Мәдениет және ақпарат саласындағы Қоғамдық кеңес «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» заң жобасын қарады

    Мәдениет және ақпарат саласындағы Қоғамдық кеңес «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» заң жобасын қарады

    Астанада Мәдениет және ақпарат саласындағы Қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, онда «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» заң жобасы қаралды.

    Жиынға қатысушылар құжаттағы негізгі жаңашылдықтарды талқылады. Атап айтқанда, ұғымдық аппаратты нақтылау, ҮЕҰ қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік кепілдіктеріне қатысты мәселелерді реттеу, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ үдерістерді цифрландыру мәселелері сөз болды.

    Отырыс барысында Қоғамдық кеңес мүшелері заң жобасына қатысты бірқатар ұсыныс-пікірін білдірді. Олар құжатты одан әрі пысықтау кезінде қарастырылып, ескерілетін болады.

    Сонымен қатар жиында Қоғамдық кеңестің қазіргі құрамының 2024-2026 жылдардағы жұмысы қорытындыланды.

    Есепті кезеңде 11 отырыс өткізіліп, мәдениет, ақпарат, жастар және отбасы саясаты, азаматтық қоғамды дамыту мен этносаралық қатынастар салаларындағы өзекті мәселелер, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің жобалары қаралды.

    Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыруға және тиісті салалардағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге айрықша мән берілді. Қаралған құжаттардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы, сондай-ақ мәдениет саясаты саласындағы құжаттар бар.

    Ақпарат саласында халықтың медиасауаттылығын арттыру, мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың тиімділігін күшейту, бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар енгізу және газеттерді субсидиялау мәселелері қаралды.

    Бұдан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар, мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар бастамалар және киноиндустрияны реформалау мәселелері талқыланды.

    Қоғамдық кеңестің екі көшпелі отырысы өтті. Ақтөбеде Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын іске асыру, креативті индустрияларды дамыту, Отбасын қолдау орталықтарының қызметі және жастарды жұмыспен қамту мәселелері қаралды. Тараздағы отырыста Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы іс-шараларға, «Ұлттық цифрлық мұра» жобасын іске асыруға, сондай-ақ музей қорын қалыптастыру мен толықтыру мәселелеріне басымдық берілді.

    Биыл Қоғамдық кеңес мүшелері музыкалық шығармаларды орындау кезінде фонограмманың пайдаланылғаны туралы көрерменді хабардар ету қағидаларын, фильмге прокат куәлігін беру қағидаларын, мәдениет және өнер саласындағы мамандандырылған орта музыкалық білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау қағидаларын және басқа да құжаттарды қарады.

    Қазіргі Қоғамдық кеңес құрамында 21 мүше бар. Кеңес жұмысы алты бейінді бағыт бойынша жүргізіледі.

    Есепті кезеңде Қоғамдық кеңес азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты 550-ден астам нормативтік құқықтық акт жобасын қарады. Нәтижесінде тиісті ұсынымдар әзірленді: 2023 жылы – 88, 2024 жылы – 158, 2025 жылы – 150, 2026 жылы – 160.

    Айта кетейік, алдағы уақытта Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы сайланады.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі" жаңалықтары