
Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыру – олардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына, мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді кедергісіз алуына, білім алуына, еңбек етуіне және еркін жүріп-тұруына мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, мүгедектігі бар адамдар басқа азаматтармен тең дәрежеде инфрақұрылым объектілеріне, көлікке, ақпаратқа, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге, мәдениет, спорт және басқа да әлеуметтік нысандарға қол жеткізу құқығына ие.
Қолжетімді орта дегеніміз не?
Қолжетімді немесе кедергісіз орта – мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың қозғалысына, ақпарат алуына және қызметтерді пайдалануына кедергі келтіретін физикалық, ақпараттық және әлеуметтік кедергілер барынша азайтылған орта.
Бұл тек ғимарат алдына пандус орнатумен шектелмейді. Қолжетімділік адамның тұрғылықты жерінен қажетті қызмет көрсетілетін орынға дейінгі жолды қамтуы тиіс.
Нысандарда қандай жағдайлар болуы қажет?
Мүгедектігі бар адамдар үшін нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету кезінде, атап айтқанда:
ғимаратқа кедергісіз кіреберіс;
пандус немесе көтергіш құрылғы;
қолжетімді қозғалыс жолдары;
баспалдақтар мен пандустардағы тұтқалар;
мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы автотұрақ орындары;
бейімделген санитариялық үй-жай;
тактильді және контрастты белгілер;
көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған навигация;
қолжетімді ақпараттық материалдар;
қажет болған жағдайда шақыру түймесі және өзге де арнайы құралдар қарастырылады.
Сонымен қатар қолжетімділік талаптары денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, сауда, қоғамдық тамақтандыру, әкімшілік және көлік инфрақұрылымы нысандарына да қатысты.
Қолжетімділіктің сапасы маңызды
Қолжетімді ортаны қалыптастыруда нысандардың тек саны емес, олардың нақты пайдалануға жарамдылығы маңызды. Мысалы, пандус бар болғанымен, оның талапқа сай емес өлшемде немесе тым тік болуы оны арба пайдаланатын азамат үшін іс жүзінде қолжетімсіз етуі мүмкін.
Сондықтан қолжетімділік элементтері құрылыс нормалары мен белгіленген талаптарға сәйкес болуы және адамның қауіпсіз әрі өздігінен қозғалуына мүмкіндік беруі қажет.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі адамдар үшін объектілердің қолжетімділік талаптарына сәйкестігін растаудың қосымша тетіктерін көздейтін Құрылыс кодексі күшіне енді. Бұл жаңа инфрақұрылым нысандарын белгіленген қолжетімділік талаптарына сәйкес жобалау және пайдалануға беру сапасын арттыруға бағытталған.
Мемлекеттік бақылау
Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету талаптарының сақталуы мемлекеттік бақылау аясында да қаралады. Бақылау барысында пандустардың, көтергіш механизмдердің, арнайы тұрақ орындарының, тактильді көрсеткіштердің, бейімделген санитариялық үй-жайлардың және басқа да қажетті элементтердің болуы мен талаптарға сәйкестігі бағаланады.
*Қолжетімді орта – бұл тек инфрақұрылым мәселесі емес. Бұл әр азаматтың қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік беретін жағдай. Кедергісіз орта қалыптастыру арқылы мүгедектігі бар адамдардың дербестігі мен өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік оқшауланудың алдын алуға және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге жағдай жасалады.*









