
Бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялауды енгізу болды.
Лицензиялаудың негізгі мақсаты – сапаның бірыңғай стандарттарын қамтамасыз ету, қызмет алушылардың қауіпсіздігін арттыру және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейту.
Бүгінгі күні Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 621 ұйым лицензия алып, 104 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетіп отыр. Ең көп сұранысқа ие қызметтердің қатарында үйде көрсетілетін қызметтер бар, олармен 60 мыңнан астам адам қамтылған.
Лицензиялау басталғаннан бері 1400-ден астам өтініш келіп түсті. Оларды қарау барысында құжаттарды дайындау және өз қызметін белгіленген талаптарға сәйкестендіру кезінде кемшіліктер анықталды. Бас тартудың ең көп таралған себептері – қажетті рұқсат беру құжаттарының болмауы, штаттық нормативтердің сақталмауы, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кемшіліктер және материалдық-техникалық базаның талаптарға сәйкес келмеуі.
Сонымен қатар, аталған ескертулер жойылған жағдайда ұйымдар лицензия алу үшін қайта өтініш бере алады.
Сонымен бірге нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп, мемлекеттік бақылау тетіктері күшейтіліп, қызмет көрсетушілермен тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.






