Облыс әкімі жолаушылар тасымалына бақылауды күшейтуді және саланы цифрландыруды ыждағаттауды тапсырды

    Облыс әкімі жолаушылар тасымалына бақылауды күшейтуді және саланы цифрландыруды ыждағаттауды тапсырды

    Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен жиын өтіп, онда жолаушылар тасымалының қазіргі жағдайы мен дамуы талқыланды. Өңір басшысы мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияның жыл сайын өсіп келе жатқанына қарамастан, өңір тұрғындарынан қызмет сапасына қатысты шағымның толастамай отырғанын атап өтті.

    Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиевтің айтуынша, облыста 12 мамандандырылған ұйым 91 бағыт (38 қалалық, 11 облысішілік, 40 ауданішілік және 2 облысаралық) бойынша жұмыс істейді.
    Басқарма басшысы қоғамдық көлікке бөлінетін субсидия көлемінің артып келе жатқанын айтты. Ал шығынның көбеюін бағыттар желісінің кеңеюімен, жүргізушілер санының артуымен және эксплуатацияның қымбаттауымен түсіндірді.

    — Шығындардың өсіміне жаңа бағыттарды ашуымыз, жүргізушілер санының 389-дан 620-ға дейін көбейуі, жалақының өсуі, сондай-ақ жанар-жағармайдың, қосалқы бөлшектердің және техникалық қызмет көрсетудің қымбаттауы себеп болды. Биыл облысішілік тасымалға 1,56 млрд теңге қарастырылған, былтыр ол 1,51 млрд теңге көлемінде болған, — деді Әсет Оразғалиев.

    Ол бюджетке түсетін салмақты азайту үшін шығындар мен жолаушылар легіне тәуелсіз аудит жүргізуді және жүктемесі аз бағыттарды оңтайландыруды ұсынды.

    Жиында көліктің цифрлық мониторингі мәселесі де қаралды. “InnoForce Solution” ЖШС директорының орынбасары Қанат Женғалиев өңірде қолданылатын “Автобус” жүйесі (Қазақстанның 28 қаласында пайдаланылады) көлік қозғалысын, кестені және жолаушылар легін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретінін, алайда оның әлеуеті әлі де болса толық пайдаланылмай отырғанын айтты.

    Жүйе толық қолданылар болса, мониторингтен рейстердің нақты орындалысын бақылауға көшуге және субсидия көлемін көрсетілген қызметпен сәйкестендіруге мүмкіндік туады.

    Облыс әкімі Болат Ақшолақов жиынды қорыта келе, бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отырған кезде жолаушылар тасымалының жүйесі мейлінше ашық болуы керегін шегелеп айтты.

    — Біз бюджеттің миллиардтаған теңгесі жайында айтып отырмыз, ал есепті әлі күнге дейін қолмен жүргізіп отырмыз, бақылау да жеткіліксіз. Бізге желіге қанша автобустың шығатыны, қанша рейс орындалатыны және субсидия не үшін төленетіні анық көрінуі керек. Алматыда осындай жүйе енгізілген. “Автобус” жүйесін одан әрі жетілдіріп, толықтай цифрлық бақылауға көшуіміз қажет. Маған мерзімді нақтылағандарыңыз және нәтиже керек, — деді облыс әкімі.

    Болат Ақшолақов әлеуметтік қызметтерді, соның ішінде инватакси қызметін цифрландырудың да ұзаққа созылғанын сынға алды.

    —Инватаксиде де цифрлық есеп болуы керек. Қанша өтінім түскенін, оның нешеуі орындалғанын, қайда бос көлік барын және қандай мәселе туындап жатқанын көріп отыруымыз керек. Барлығы ашық әрі түсінікті болуы шарт,— деді өңір басшысы.

    Бұдан бөлек, облыс әкімі таяу арада қолда бар цифрлық шешімдерді инватакси қызметіне пилоттық режимде енгізуді және оның қаншалықты тиімді екенін бағалауды тапсырды.

    Жиын қорытындысы бойынша салалық ведомстволарға қолданыстағы цифрлық мониторинг жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейту, тасымалдаушылардың қызметіне бақылауды күшейту, бюджет қаржысының жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ инватакси саласында цифрлық шешімдерді пилоттық режимде енгізу жүктелді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары